Аягөзде 60 әскери қызметші баспаналы болды

15 Мамыр 2020, 02:30
1578
Бөлісу:
Аягөзде 60 әскери қызметші баспаналы болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Аягөз гарнизонының әскери қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелеріне "Оңтүстік" жабық әскери қалашығындағы тұрғын үйдің кілттері табысталды. Үй күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін тапсырылды. 

ҚР Қорғаныс министрлігінің бапасөз қызметінен хабарлағандай, ауланың аумағы да абаттандырылып, балаларға арналған ойын алаңы және «Стрит воркаут» яғни, жаттығу құралдары бар спорт алаңы да орнатылған.

Қорғаныс министрлігінің басшылығымен ең маңызды әлеуметтік мәселенің бірі болып табылатын әскери қызметшілердің тұрақты баспанамен ғана емес, сондай-ақ қызметтік үймен қамтамасыз етілу құқығы өз шешімін табуда, - деді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Асан Жүсіпов. – Әскери қызметшілер жаңа пәтерлерін толық ішкі әрлеу жұмыстарынан кейін алады. Пластикалық терезелер, кіреберіс және ішкі есіктер, сантехникалық құрылғылар, электр плиталар орнатылып, өрт дабыл бергіштері, электр және су есептегіш құралдары іске қосылған. Үйдің қасбеті желдетілетін отқа төзімді жүйелермен қапталған.

"Оңтүстік" әскери қалашығының көптеген ғимараттары мен құрылыстары 70-90 жылдары салынған. 1350 пәтерден тұратын 18 тұрғын үйдің 15-і толық жөндеу жұмыстарынан өткен.

Министрліктің ақпараты бойынша, биыл тағы 36 ғимарат пен құрылысқа күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу қарастырылған. 70 пәтерден тұратын тағы бір тұрғын үйді шілде айында аяқтап, кілтін тапсыру жоспарланған.

Айта кетейік, 2018 жылы әскери қалашықта шамамен 1000 баладай оқитын жаңа мектеп ашылған еді. Мұнда 200 орындық балабақша, әскери емхана мен госпиталь, азық-түлік дүкендері және басқа да нысандар бар.

Өзгелердің жаңалығы