Ауызбіршілікте болып, арандатуға ермейік – қаза тапқан прапорщиктің әкесі
10 Қаңтар, 13:10 320

Ауызбіршілікте болып, арандатуға ермейік – қаза тапқан прапорщиктің әкесі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Алматы облысындағы қақтығыс кезінде қаза тапқан қылмыстық-атқару жүйесінің прапорщигі Ербол Ержановтың әкесі осылай деп мәлімдеді. 

Белгілі болғандай, Отан үшін шейіт кеткен қызметкердің зейнетке шығуына санаулы күндер қалған.   Алматы облысы қылмыстық-атқару жүйесінің қызметкері, әділет прапорщигі Ербол Ержанов 7 қаңтар күні Талдықорған қаласындағы тергеу изоляторына жасалған шабуыл кезінде мерт болған еді.  

ІІМ Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің мәліметінше, қаруланған топ ЛА-155/16   мекемесі аумағының сыртында жүрген қызметкерлерге оқ жаудырған. Салдарынан басы мен иығына оқ тиген әділет прапорщигі Ербол Ержанов ажал құшты. 

6 қаңтарда ұлымның мерзімі аяқталып, ол зейнетке шығуы керек еді. Бірақ халқы үшін, елі үшін кетті балам. Бәріміз ауызбіршілікте болайық. Міне, көрдіңіздер ме, кішкентай дүниені қалай қопарып жіберді. Халықты пайдаланып кетті, бізді пайдаланды. Азаматтар, ондайға бармаңыздар, - деді прапорщиктің әкесі Төлеубек Іңкәрбаев.    

Оның айтуынша, ұлы тергеу изоляторында 22 жыл қызмет еткен.  Марқұмның артында жұбайы, екі баласы мен әкесі қалды. Ұлы да әке жолын қуған, Әскери институттың курсанты. Елдегі жағдайға байланысты ол әкесін соңғы сапарға шығарып салуға келе алмады.


Фото: дереккөз
Загрузка...