Бас жаңалықтар
Ауылшаруашылық өнімдері көлемі бойынша төрт облыс өсім көрсетті
12 Мамыр 2021, 10:43 461

Ауылшаруашылық өнімдері көлемі бойынша төрт облыс өсім көрсетті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров айтты.

Оның айтуынша, қаңтар-сәуір айларында жалпы ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3%-ға ұлғайып, 831,2 млрд теңгені құрады. Бұл өсім негізінен мал шаруашылығындағы өндіріс көлемінің 3,2%-ға ұлғаюы (776,4 млрд теңге) есебінен қамтамасыз етілді. 

Мәселен, ет өндіру көлемі тірідей салмақта 5,3%-ға, сүт 3,4%-ға өсті. Бұл ретте, 44,8 млрд теңгеге өсімдік шаруашылығы өнімдері өндіріліп, нақты көлем индексі 100%-ды құрады. Бұл көлем ауыл шаруашылығы дақылдарын жабық топырақта өсіру есебінен қамтамасыз етілді, - деді ол.

Сонымен қатар, министр облыстар бөлінісінде республикалық деңгейден жоғары қарқын Ақмола (114%), Қарағанды (104,5%), Павлодар (104,1%) және Жамбыл (103,1%) облыстарында байқалатынын атап өтті. 

Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 66,1%-ға ұлғайып, 163,2 млрд теңгені, тамақ өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар 37,3%-ға артып, 28,4 млрд теңгені құрады. Жалпы министрлік жоспарланған нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін барлық қажетті шараны қабылдауда, - деді ол. 

Министр соңғы төрт айдағы тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,9%-ға өсіп, 673,6 млрд теңгені құрағанын айтып, статиситкалық деректер келтірді.

Бұл ретте, қызылша қантын өндіру көлемінің 28,9%-ға (5,3 мың тоннадан 6,8 мың тоннаға дейін), өңделген күріштің 23,7%-ға (57,4 мың тоннадан 71,1 мың тоннаға дейін), сары майдың 23,3%-ға (6,8 мың тоннадан 8,4 мың тоннаға дейін), жарманың 21,7%-ға (27 мың тоннадан 32,9 мың тоннаға дейін), өсімдік майының 15%-ға (146,1 мың тоннадан 168,1 мың тоннаға дейін), ұнның 11,4%-ға (987,7 мың тоннадан 1100,5 мың тоннаға дейін), ірімшік пен сүзбенің 9,6%-ға (10,6 мың тоннадан 11,6 мың тоннаға дейін), өңделген сүттің 3,7%-ға (194,6 мың тоннадан 201,7 мың тоннаға дейін) артқаны байқалды.

Айта кетейік, Үкімет отырысы барысында Бақыт Сұлтанов әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының себепсіз өсуіне жол бермеу үшін бірқатар мәселе назарға алынуы тиіс екенін атап өтті.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...