Ауғанстаннан Алматыға БҰҰ-ның қанша қызметкері келді? – СІМ жауап берді

20 Тамыз 2021, 15:56
6637
Бөлісу:
Ауғанстаннан Алматыға БҰҰ-ның қанша қызметкері келді? – СІМ жауап берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл сұраққа ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақан Рахметуллин жауап берді. Кабулдан Алматыға қонған ұшақтың ішінде Біріккен Ұлттар Ұйымының қызметкері болып табылатын бірнеше елдің азаматтары бар.

Олар елімізге БҰҰ-ның әріптесі болып табылатын коммерциялық компанияның чартерлік рейсімен жеткізілген көрінеді. Аталған рейсті ұйымдастыру мен барлық қаржылық шығындарға БҰҰ жауап береді деп отыр ведомство өкілдері.

БҰҰ-ның рейсімен 135 адам келді. Олар осы ұйымның халықаралық қызметкерлері болып табылады. Әлемнің 55 елінің азаматтары. Олардың арасында Ауғанстан азаматтары жоқ, - деді ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары.

Атап айтатын болсақ, чартерлік рейспен жеткізілген қызметкерлердің арасында 11-і – Үндістан, 9 – АҚШ, 8 – Кения азаматтары бар. Ұйымда жұмыс істейтін бір азамат Канада мен АҚШ елдерінің қос азаматтығын алған. Сонымен қатар өзге елдердің де көптеген азаматтары бар.

СІМ мұндай рейстер әлі болуы мүмкін деп отыр.

Бізге БҰҰ-ның басшылығынан жақын арада Кабулдан аталған ұйымның 69 қызметкерін жеткізетін тағы бір рейсті қабылдау туралы өтініш келіп түсті, - деді ведомство басшысы.

Бұл мәселені уәкілетті органдар қарастырып жатыр.

Бұған дейін Қазақстан Ауғанстаннан босқындарды қабылдауы туралы жазған болатынбыз.



Өзгелердің жаңалығы