Атыраулық дәрігерлердің сұмдық әрекеті әшкереленіп жатыр

5 Қазан 2019, 14:52
27225
Бөлісу:
Атыраулық дәрігерлердің сұмдық әрекеті әшкереленіп жатыр
Фото: автордан

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Ақ халаттылар жаңа туған нәрестені өз қолдарымен өлтірген.  Күні кеше ұсталған Атырау облыстық перинаталдық орталығының бас дәрігері Қуаныш Нысанбаевқа қатысты осындай жаңа дерек шықты. Мұндай мәліметті ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері мәлімдеді.

Нақтырақ айтсақ, сәби дүниеге келгенде одан ешқандай тіршілік белгісі білінбеген. Сондықтан әйелді босандырған акушер-гинеколог құжатты «бала өлі туылды» деп толтырып жіберген. Ал, салқындатқыш камераға барар жолда шақалақ аяғын қимылдатып, өзінің тірі екенінен хабар берген. Бірақ, бұдан хабардар болған бас дәрігер оны аман алып қалуға әрекет жасамаған.

«Бала тірі екенін  білген дәрігерлер шұғыл шара қабылдаудың орнына, құжаттағы жазба бойынша нәрестені өлі қалдыруды шешкен. Мұның басты себебі, баланың өлгендігі туралы құжат базаға тіркелгеннен кейін, өзгерте алмаған. Жедел топтың тексерісі барысында  бұл жағдай нақтыланды. Баланың денесі тоңазтқышта болған», - дейді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Шыңғыс Қабдолла. 

Бұл сорақылық Қуаныш Нысанбаевтың «Атырау облысы бойынша сот-медициналық сараптама институты» басшылығына 300 000 теңге көлемінде пара беру дерегін тексеру кезінде анықталды. Қазір Қуаныш Нысанбаев пен орталықтың акушер-геникологына қатысты ҚК «қасақана адам өлтіру бабы» бойынша іс қозғалды. Егер ақ халаттылардың кінәлары дәлелденсе, олар 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін. 

Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысы  бұл сұмдық жағдайларға қатысты ештеңе айта алмады.

«Бұл қылмыстық істерге қатысты тергеп-тексеру жүріп жатқандықтан мен ештеңе айта алмаймын. Бірақ бұл барлық дәрігерлер үшін жаға ұстатар жағдай болып отыр. Құқық қорғаушылар барлығын анықтайды деп сенемін», - дейді Атырау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиева. 

 Атырау облыстық перинаталдық ортылығының басшысы алғашында лауазымын асыра пайдаланып, пара берді және топ болып қылмыс жасауға әрекет етті деген бірнеше күдікке іліккен еді. Сондай-ақ, ол қылмыстық іс-әрекетіне «Атырау облысы бойынша сот-медициналық сараптама институты» басшылығын да  араластырған. Жалған сараптама құжатын жасап беруін өтініп, оған  300 мың теңге пара берген. Бас дәрігер өз қарамағындағы қызметкерлердің біліктілігін арттыру үшін  шет елге іс-сапарға бөлінген ақшаны да жымқырып, жеке пайдасына пайдаланған. Нақты айтқанда, жеке кәсіпкерлердің демеушілігінен түскен 1,5 миллион теңгеге шетелде демалып келген деген айыптармен қамауға алынған еді. 

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының ақпаратынша  Атырау өңірі бойынша орта есеппен айына жиырма мен жиырма бес шамасында сәби өлімі тіркеледі екен. Атырау облыстық прокуратурасының мәліметінше биылғы соңғы екі айдың өзінде 42 сәби шетінеген.  Ал өткен жылы жүзден аса нәресте өлген еді.

Айта кетейік, жыл басында құрсағынан "сау шыққан сәбиіміздің перзентханадан сүйегін алып шықтық"  деген бір топ ана осы облыстық перзентханадағы түрлі сорақылықтарды айтқан еді.  Олар бұрақалық ақпарат құралдары арқылы ана мен бала өміріне салғырт қарайтын дәрігерлер жауапқа тартылуы тиіс деп шағымданды. Сол кезде дәрігерлер аналардың өзіне тарпа бас салып,  денсаулықтарына күтім жасамайтын аналардың өздері кінәлі, сонымен қатар шетінеген сәбилердің көпшілігі шала туылғандығын айтып ақталды. 

Еске сала кетсек, Атырау облысындағы перзентхана орталығының директоры мен дәрігері жаңа туған нәрестені тоңазытқыш камерасына салып өлтірді деген күдікке ілініп отыр.


Өзгелердің жаңалығы