Атырауға қатынайтын жолаушылар пойызы тоқтатылады

11 Шілде 2020, 07:14
1836
Бөлісу:
Атырауға қатынайтын жолаушылар пойызы тоқтатылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы Атырау облысына үкіметтік комиссияны бастап келген Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов онлайн брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Бүгінде Атырауда коронавирус инфекциясының 336 жағдайы тәулігіне тіркеліп отыр. Бұл республика бойынша өте үлкен көрсеткіш. Қазіргі уақытта Атырау қаласы және Жылыой ауданы инфекция ошағы болып отыр. Жедел жәрдемге шақырулар екі есеге өскен. Эпидемиологиялық ахуалды реттеу үшін, жергілікті атқарушы органмен бірлесе отырып, төмендегідей шешім қабылданды. Алматы – Атырау, Ақтөбе – Атырау, Маңғыстау – Атырау бағытындағы жолаушылар пойызы тоқтатылады. Кафе, мейрамхана, қоғамдық тамақтану орындары, азық-түлік емес дүкендер үйге жеткізу қызметі арқылы жұмыс істейді. Отбасылық шараларға тыйым салынады. Тәртіп бұзушыларға қатаң шаралар алынады. Вахталық ауысымдағы жұмысшылар жұмысқа келер алдында үш күн бұрын тұрғылықты жерінде ПТР тесттен өтуі міндетті. Жұмыс берушілер аталмыш талаптың орындалуына тікелей жауап береді, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Сонымен бірге, Атырау облысы әкімдігіне дәріханаларды бірінші қажеттіліктегі дәрілермен қамтамасыз ету, 20 шілдеге дейін инфекциондық орындардағы кереует санын 350-ге дейін ұлғайту, мобильді топтардың санын 120-ға дейін көбейту, кислородтық стансалар санын ұлғайту және медициналық кадр мәселесін шешу тапсырылды. 

Сондай ақ, пандемиямен күреске жеке медицина секторы тартылады.
Өзгелердің жаңалығы