Бас жаңалықтар
Астанада 1 жасқа дейінгі сәбилерге арналған катамнез бөлімшесі ашылды
04 Ақпан 2019, 16:58 1178

Астанада 1 жасқа дейінгі сәбилерге арналған катамнез бөлімшесі ашылды

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда алғаш рет Астана қаласы әкімдігінің №2 көпбейінді қалалық ауруханасы негізінде 0 жастан 1 жасқа дейінгі балаларға арналған тегін катамнез бөлімшесі ашылды. Ол жерде нәрестелерге аман қалуға ғана емес, болашақ денсаулығына және соның ішінде мүгедектікке қатысты мәселелерді де барынша алдын алуға көмектеседі.

«Қазақстанда тұңғыш рет катамнез және оңалту бөлімшесі ашылды. Катамназ – патологиямен туған сәбилерді бақылау, емдеу деген мағына береді. Бірінші топқа шала туған және салмағы мөлшерден аз сәбилер, екінші топқа уақытылы туған, бірақ неврологиялық, ортопедиялық, жүрек қантамыры және басқа да патологиямен туған нәрестелер жатады. Әдетте мұндай сәбилер үшін тамақтану, қозғалу, жүру қиынға соғады, сондықтан ол арнайы емделуді қажет етеді. Катамнез бөлімшесі дәл осындай жағдайға тап болған сәбилерге арналған», - дейді №2 көпбейінді қалалық аурухананың бас дәрігері Иван Ли.


2018 жылы Астанада 1500 сәби шала туған. Аурухана басшысы бұл бөлімшені ашпас бұрын мамандарды Санкт-Петербургке жіберіп, оқытқан.

«Мамандарды дайындап алған соң ғана аталған бөлімшені ашып отырмыз. Бөлімшеде реабилитолог, педиатр, невролог, хирург мамандар бар. Бұдан бөлек, ультрадыбыстық зерттеу жүргізетін болады. Бөлімшеде Войта-тепария, Бобат-терапия, аппаратты физиотерапия, ЛФК әдістері мен әртүрлі массаждар қолданылады», - дейді ол.

Катамнез бөлімшесінің негізгі жұмысы – стационардан жазылып шыққаннан соң шала туған және мерзіміне жетіп, бірақ потологиямен туған сәбилерді мониторлау. Бөлімше айына 30, жылына 260 баланы қабылдауға қауқарлы. Болашақта оңалту бағдарламасын кеңейту және жаңа технологияларды енгізу жоспарлануда.


«Жүктіліктің 25-аптасында босандым. Сәбиімнің салмағы – 800 грамм болды. 54 күн біз жансақтау бөлімінде жаттық. Қазіргі уақытта сәбиіме 8 ай болды. Қазіргі уақытта салмағы талапқа сай. Мұның бәрі осы орталықтыңжоғары білікті мамандарының арқасы деп ойлаймын. Олар менің сәбиіме ғана емес, өзіме те психологиялық тұрғыда көмектесіп, ауруханадан үйге шыққанда не істеу керек екенін, қалай істеу керек екенін үйретті. Осы жерде катамнез бөлімшесі ашылатыны туралы естігенде өте қуандық», - дейді Әсел Ұлтанова.







Зарина Әбілмәжінова

Сізден жаңалық