«Астана» мен «Қайрат» тағы ұтылып қалды

13 Мамыр 2019, 14:17
2332
Бөлісу:
«Астана» мен «Қайрат»  тағы ұтылып қалды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан премьер-лигасында да сенсациялар тіркелді. Көшбасындағы «Астана» тағы да жеңілді. Екінші орындағы «Тобыл» Қызылордада ұпай жоғалтты. 
 
«Астана» екінші ойын қатарынан ұтылды 

Қазақтстан премьер-лигасының 10-туры «Тараздың» сенімді жеңісімен басталды. Вахид Масудов жаттықтыратын команда басқа-басқа емес «Астананы» жеңіп кетті.
 
Осының алдында елорда командасы Нұр-Сұлтан қаласында Керекудің «Ертіс» клубына үш ұпай ұстатқан болатын. Содан кейін естерін жия ма деп едік, бірақ тағы да баяу қимылдады. 
 
Бірінші таймда гол көрмедік. Есесіне, үзілістен кейін алаң иелері белсенді.  Серж Ньюадзи пенальтиден есепті ашты. Сосын Элгудж Лобжанидзе екінші голды соқты. Қорытынды есеп – 2:0.
 
«Ойынның нәтижесіне мүлдем көңілім толған жоқ. Бізге толықтай талдау жасап, қателіктерден сабақ шығару қажет. Трансфер ашылған соң, кемі үш ойыншы алмаса болмайды. Біз қысқы үзіліс кезінде команда құрамын күшейте алмадық. Ал қазіргі таңда құрамды күшейту өте маңызды. Бірнеше футболшылар жарақаттарына байланысты алаңға шыға алмады. Өкінішке қарай, ол ойын нәтижесіне өз әсерін берді», – дейді «Астана» бапкері Роман Григорчук. 

«Астана» мен «Қайрат»  тағы ұтылып қалды

«Тараз» (Тараз) – «Астана» (Нұр-Сұлтан) – 2:0.
Голдар: Ньюадзи, 48-пенальтиден (1:0). Лобжанидзе, 76 (2:0).
 
Жаңғылышбай жарап тұр
 
«Ордабасы» қыста «Астанадан» Алексей Щеткинді аттай қалап алып еді. Дәл қазір оған қарағанда Тоқтар Жаңғылышбай сенім ақтап жүр. Бұл жолы ол Керекуде «Ертіс» қақпасына жеңіс голын соқты.
 
Екі команда да соңғы кездері жиі сын естіп жүр. Бас жүлдеге үміткер команданың бірі деп бағаланған «Ордабасы» тең ойындардан көз ашпай кетті. Бас бапкер Кахабер Цхададзгеге де тықыр таянған болатын. Дегенмен, сырт алаңда «Ертісті» жеңіп, аз да болса еңселерін тіктегендей болды. Матчтағы екінші голды Жоа Пауло өз атына жазды.
 
«Ertis» (Павлодар) – «Ордабасы» (Шымкент) – 0:2
Голдар: Жаңғылышбай, 42 (0:1). Пауло, 58 (0:2).
 
«Шахтер» елорда төрінде «Жетісуды» сабасына түсірді. Соңғы кездері қарқынын үдетіп, үштіктен үміттене бастаған Талдықорған командасы «кеншілерге» есе жіберді.
 
Матчтың 2-минутында Наджарянның әуелетіп берген добына бірінші жеткен Жан-Әли Пайруз есепті ашты. Бұл оның Қазақстан премьер-лигасындағы алғашқы голы. Жас футболшы соңғы кездері Оралхан Өміртаевтың өзін негізгі құрамнан ығыстыра бастады.
 
Екінші таймда қонақтар белсене бастаған. Алайда Олжас Керімжановтың алаңнан қуылуы «Жетісуға» қиындық тудырды. Бір ойыншысы артық «Шахтер» матчтың соңғы жағында екінші голын соқты. Мергендік танытқан – хорватиялық Иван Пешич.
 
«Шахтер» (Қарағанды) – «Жетісу» (Талдықорған) – 2:0

Голдар: Пайруз, 2 (1:0). Пешич, 86 (2:0).
 
«Қайсар» «Тобылдың» тас-талқанын шығарды
 
Қызылорданың «Қайсар» командасының қарқыны қуантады. Стойчо Младенов шәкірттері Қазақстан кубогындағы ойынды қосқанда соңғы бес матчта жеңіске жетті.
 
Бұл жолы олар өз алаңында «Тобылды» қабылдады. «Астана» ұпай жоғалтқан соң, Владимир Газзаев шәкірттері елорда клубын қуып  жетуге тырыса ма деп едік, жоқ олай болмай шықты. Дәл қазір «Қайсарды» Қызылордада тоқтату «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы» клубтарының өзіне мүмкін болмай тұр.
 
Грузиялық жартылай қорғаушы Тигран Барсегян оң қапталда ойқастап жүр. Есепті де сол ашты. Екінші голды бұрыштама добынан кейін Куле Мбомбо кіргізді. Допты оң қапталдағы бұрыштан көтеріп берген Асхат Тағыберген.
 
Үшінші голдың авторы – Асхаттың өзі. Бір кездері «Астана» сапында қосалқы құрамда отырып қалған 28 жастағы жартылай қорғаушы дәл қазір нағыз бабында. Бәлкім, жаздағы ұлттық құрама ойындарына бас бапкер Михал Билек шақырып та қалар деп үміттенеміз.  
 
Тағыбергеннің техникасы аса мықты емес шығар. Бірақ оның соққысы жойқын, бойында намысы бар, командасы үшін аянып қалмайтын жігіт екенін көрсетіп жүр. Бұл жолы үшінші голды айып тепкісінен тоғытты.
 
Екінші таймның басында «Тобыл» сапынан Ника Квеквескири есеп айырмасын бір допқа қысқартқан еді. Бірақ одан әріге шамалары жетпеді. Есесіне, матчтың соңына қарай, «Қайсар» тағы 2 гол соқты. Алдымен, Барсегян дубль авторы атанды. Сосын Шоқан Абзалов матчтың нүктесін қойды.
 
Жалпы, «Қайсар» сапындағы дәл қазір мына төрттік жарап тұр: Асхат Тағыберген, Мақсат Байжанов, Думан Нәрзілдаев, Тигран Барсегян. Қызылорда командасы турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
 
«Қайсар» (Қызылорда) – «Тобыл» (Қостанай)
Голдар: Барсегян, 9 (1:0). Мбомбо, 39 (2:0). Тағыберген, 43 (3:0). Квеквескири, 47 (1:3).Барсегян, 85 (4:1). Абзалов, 90+4 (5:1).
 
«Ақтөбенің» жағдайы түзелер емес
 
Ақтөбедегі футболдың жағдай мәнді емес. Жергілікті халықтың сүйікті командасын биыл ешкім де құтқара алмайтын секілді. Команда әлі де минустан шыққан жоқ. Қазір жас футболшылармен үйде де түзде де ұпай жоғалтып жүр. Бұл жолы «Оқжетпеске» есе жіберді.
 
«Бұл жеңіліске пікір білдірудің өзі қиын. Мен футболшыларға артық ештеңе айта алмаймын. Олар қолдарынан келгенінің бәрін жасап жатыр. Өкінішке қарай, біз қазір функционалдық тұрғыда шаршаңқымыз. Негізгі құрамға шығарған ойыншыларды қандай да бір стратегиялық тапсырма үшін ойнатып жүрген жоқпыз. Әйтеуір, өлместің қамы. Жарақат алған ойыншылардың көптігін алға тартып отырған жоқпын, дегенмен, бұл біз үшін соққы болды. Жолымыз болмай жатыр деп те айтуға келмейді. Шындығы, бізге бұндай деңгейде тайталасу қиынға соғып жатыр. Сәттілік жолдас болса екен дейсің. Бұл нәтижелерге қарап көңілімізді суытып алмауымыз қажет. Ойыншыларды да басып тастауға болмайды. Олар бұл қиыншылықтарға қарсы тұра білулері тиіс және соған әрқайсысы міндетті. Жеңіліске әбден үйреніп алуға болмайды. Келесі ойынды бізге берілген тағы бір мүмкіндік деп қарастыруымыз керек», – дейді «Ақтөбе» бапкері Александр Седнев.
 
«Ақтөбе» (Ақтөбе) – «Оқжетпес» (Көкшетау) – 0:2
Голдар: Көкеев, 33-автогол (0:1). Дмитриев, 53 (0:2).
«Қайрат» қатарынан төртінші рет жеңілді

Алматы командасыың жағдайы да мәз емес. Кубоктағы ойында қосқанда қатарынан төртінші рет ұтылды. Бұл жолы «Атырауға» шамасы жетпеді.

«Атыраудың» жаңа бапкері Нұр-Сұлтан қаласында алғашқы жеңісін тойлады.
Әзірге, «Қайраттың» бапкері Алексей Шпилевский өз орнын босата қояр емес. оған клуб қожайыны Қайрат Боранбаев толықтай сенетінін айтып жүр.

«Атырау» (Атырау) – «Қайрат» (Алматы) – 1:2
Голдар: Жунич,35-пенальтиден (1:0). Эсеола, 36 (1:1).Аблитаров, 69 (2:1).

Өзгелердің жаңалығы