АШМ басшысы Ұлттық жобаның басым тұстарын атады

18 Қазан 2021, 14:27
8400
Бөлісу:
АШМ басшысы Ұлттық жобаның басым тұстарын атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз конференциясы барысында Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев хабарлады. Оның айтуынша, жалпы, 5 жыл ішінде 4,1 трлн теңгеге 582 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық жобаның басымдылығы ет, жеміс, көкөніс, қант, дәнді, майлы дақылдар, сүт өнімдерін өндіру мен өңдеуді қоса алғанда, ірі инвестициялық жобалардың айналасында 7 экожүйе қалыптастыру болмақ. Бұл қосылған құны жоғары түпкілікті қазақстандық өнім жасауға қатыса алатын кемінде 350 мың фермерлік және үй шаруашылықтарын іске тартуға мүмкіндік береді, - деп атап өтті ведомство басшысы.

Сондай-ақ Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде еңбек өнімділігі де артады.

Ұлттық жоба іске асырылатын бес жыл ішінде еңбек өнімділігін 2,5 есеге арттыру, 500 мың адамды жұмыспен қамтамасыз ету, осылайша 1 млн ауыл тұрғынының табысын арттыру жоспарлануда, - деді Ербол Қарашөкеев.

Еске сала кетейік, бұған дейін министр елімізге ең көп импортталатын азық-түлік түрлерін атаған болатын.

Өзгелердің жаңалығы