Бас жаңалықтар
Әшімбаев қоғамда шу болмас үшін заңдарды қалай қабылдау керектігін айтты
21 Қаңтар 2021, 10:42 1435

Әшімбаев қоғамда шу болмас үшін заңдарды қалай қабылдау керектігін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеру қажеттігін айтты.

Оның бұлай айтуына себеп жеткілікті. Алысқа бармай-ақ отбасылық зорлық-зомбылыққа қатысты заңның өзі қоғамда біраз талқыға түсіп жатыр.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік органдардың алдында тұрған негізгі мақсаттарға тоқталып өтті. Олардың бәрі халықтың өмір сүру сапасын жақсартатын, еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретін бастамалар. Осыған байланысты Парламент пен Үкіметке маңызды міндеттер жүктеліп отыр. Жарияланған реформаларды сапалы заңдармен қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Заңдар ең алдымен ұлттық мүддені қорғауға тиіс. Ал ұлттық мүдде дегеніміз – халық пен мемлекеттің мүддесі,- деді Мәулен Әшімбаев.

Президент реформаларын іске асыру үшін Сенат Мәжіліспен және Үкіметпен бірлесіп нәтижелі жұмыс істеуге дайын екендігін айтты.

Мемлекет басшысы атап өткендей, қоғамды алаңдатқан мәселелер Парламентте талқылануы қажет. Парламент өзекті мәселелердің шешімін табатын орталыққа айналуға тиіс. Сондықтан елмен етене жұмыс істеу - аса маңызды. Әр заң жобасын талқылаған кезде қоғамның пікірін ескеруіміз керек. Сенат жұмысына қоғамдық ұйымдар мен әлеуметтік топтардың өкілдерін, тиісті мамандарды кеңірек тартуымыз қажет. Мұндай қадам заң шығару жұмысының және қабылданып жатқан заңдардың тиімділігін арттыратыны сөзсіз,- деді Сенат төрағасы.


Фото: дереккөз
Загрузка...