Қаржы министрі бюджетті игермей отырған органдарды атады

14 Қазан 2019, 10:34
1918
Бөлісу:
Қаржы министрі бюджетті игермей отырған органдарды атады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР премьер-министрінің бірінші орынбасары - қаржы министрі Әлихан Смайылов Үкімет отырысында бюджетті игермей отырған әкімшілерді атады.  

Оның айтуынша республикалық бюджеттің шығыстары 8 трлн 541 млрд теңгені, яғни 99,8% құрады. Орындалмау сомасы – 14,3 млрд теңге, оның ішінде үнемдеу сомасы – 5,7 млрд теңге, игерілмеу сомасы – 8,6 млрд теңге. Бұл көрсеткіш 2018 жылдың 9 айымен салыстырғанда бес есе аз. 

Келесі әкімшілер ең көп соманы игермей отыр: Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі – 1,5 млрд теңге; Жоғарғы сот – 1,2 млрд теңге; Мәдениет және спорт министрлігі– 992 млн теңге; Сауда және интеграция министрлігі – 947 млн теңге.

«Игерілмеудің негізгі себептері: конкурстық рәсімдерді ұзақ өткізу, орындалған жұмыстар актілерін уақтылы ұсынбау, қазынашылық органдарына тіркеуге шарттар мен қосымша келісімдерді кеш ұсыну. Қаржы министрлігі жыл басынан бері бюджеттік бағдарлама әкімшілерінің уақытында міндеттеме қабылдауын және қаражатты игеруін қадағалап отырды. Осы жұмыстың нәтижесінде нақтыланған республикалық бюджеттің жобасында 130 млрд теңге қаражат  қайта қаралып, бөлінді. Біраз қаражат оңтайландырылды», - деді Смайылов.  

Министр «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға республикалық бюджеттен 554 млрд теңге бөлінгенін, есепті кезеңде жоспарланған қаражаттар 100% игерілгенін айтты.  

«Жергілікті бюджеттер шығыстары – 4 трлн 165 млрд теңге, атқарылмағаны – 29 млрд теңге. Есепті кезеңде өңірлерге сомасы  1 трлн 71 млрд теңге нысаналы трансферттер аударылды. Жергілікті деңгейде олар 99% немесе 1 трлн 60 млрд теңгеге игерілді. Атқарылмағаны – 11 млрд теңге, оның ішінде 4 млрд теңге – бюджет қаражатын үнемдеу, игерілмегені – 7 млрд теңге. Неғұрлым көп игерілмеу келесі өңірлерде қалыптасты:  Алматы қаласы – 2,2 млрд теңге, Түркістан – 1 млрд теңге, Шығыс Қазақстан және Қарағанды областары –  0,8 млрд теңге», - деді Үкімет басшысының бірінші орынбасары.

Өзгелердің жаңалығы