Арыс оқиғасы. Өңірлерден 793 тонна гуманитарлық көмек келген

24 Маусым 2020, 13:27
1753
Бөлісу:
Арыс оқиғасы. Өңірлерден 793 тонна гуманитарлық көмек келген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек айтты. 

2019 жылдың 24 маусымында сағат 09:20 шамасында Арыс қаласында №448/59 әскери бөлімінде оқ-дәрі салдарынан жарылыс болды. Оқиға орнына жеткен облыс басшысы Өмірзақ Шөкеев дәл сол күні Арыс қаласы маңындағы Ордабасы ауданы, Ақжол елді мекені Жамбыл орта мектебінің ғимаратында жедел штаб құрды. Тұңғыш президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жедел қауіпсіздік кеңесінің отырысын өткізіп, қаланы қалпына келтіру, халыққа жан-жақты көмек көрсету бойынша, тиісті тапсырмалар беріп, оны бақылауда ұстап отырды. Арыстағы апаттың қауіптілігіне қарамастан, елордадан арнайы келген мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эвакуациялық пункттерге орналасқан халықпен кездесіп, оларға барлық көмек көрсетілетінін жеткізді. Ел президенті үкімет басшысы Асқар Маминге, облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевке Арыс қаласын қалпына келтіру, халыққа жан-жақты көмек беру бойынша бірқатар тапсырма берген болатын, - деді ол. 
Қала әкімінің айтуынша, арыстықтар қазақ елінің, президенттің шынайы қолдауын сезінді. Президент сапарынан кейін Арысқа елдің әр түкпірінен гуманитарлық көмек ағылып келді. 
Нәтижесінде Арыстағы минералды су өндіріс кешені мен Комаров атындағы орта мектепте орналасқан екі базаға келіп түскен 793 тонна гуманитарлық көмек халыққа таратылып берілді. Түркістан облысының барлық ауданы мен Шымкент қаласының эвакуациялық пункттерінде Арыс қаласының 30 мыңнан астам азаматы тіркеліп, оларға толығымен жағдай жасалды. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев екі ай бойы Арыс қаласында тұрып, халықпен етене араласа жүріп, күндіз-түні жұмыс істеді. Нәтижесінде Арыс қаласы екі айдың көлемінде толықтай қалпына келтірілді, - деді әкім. 
Мұрат Қадырбек оқиға кезінде қала 17 секторға бөлініп, 17 штаб құрылғанын жеткізді. Әр секторға 14 облыспен қатар, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары жауапты болып бекітіліп, жарылыстан зақым келген үйлерді қалпына келтіруге атсалысқан. 
Арыс қаласы бойынша жалпы 8626 үй бар. Төтенше жағдай салдарынан 7635 үй зардап шеккен болатын. Оның ішінде 480 үй жарамсыз деп танылып, жаңадан салынып  пайдалануға берілді. Жөндеуді қажет ететін 7155 үйге жөндеу жұмыстары жүргізіліп, халыққа пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, қоғам қайраткері, меценат Болат Өтемұратовтың қоры қала тұрғындарына қос пәтерлі 50 үйдің құрылысын бастап, 100 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы