Қарин: Наурыз мерекесіне орай шетелдегі қандастармен телекөпір өтеді

26 Ақпан 2019, 15:12
2351
Бөлісу:
Қарин: Наурыз мерекесіне орай шетелдегі қандастармен телекөпір өтеді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қариннің қатысуымен брифинг өтті.

Брифинг барысында «Қазақстан» корпорациясының құрамына кіретін телеарналардың көктемгі маусымға арналған жаңа жобалары мен Димаш Құдайбергеннің Астанада өтетін концертіне дайындық жұмыстары жайлы айтылды.

«Біз тек жаңа жылға емес, негізгі мерекелерге арнайы эфирлік кесте дайындап отырамыз, оның алдында Тәуелсіздік мейрамына да арнайы жобалар ұсындық. Биылғы көктемгі телемаусымда да Ұлттық арна Наурыз мерекесіне арнайы бірнеше жоба шығарады, оның ішінде «Наурыз-думан» атты мерекелік жоба, сондай-ақ Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан елдері мен облыстары қатысатын «Қош келдің, әз Наурыз» халықаралық телекөпірін орнатамыз», - дейді Ерлан Қарин.

Оның айтуына қарағанда, телекөпір барысында, тікелей эфир арқылы сол елдердің және еліміздің аймақтарында наурыз мерекесін тойлау дәстүрі жайлы сюжеттер мен арнайы сұхбаттар ұсынылады.

«Сонымен қатар, әдеттегідей бірнеше жаңа жобалар, деректі фильмдер мен телехикаялар шығады. Өздеріңіз білесіздер, Ұлттық арнаның басты мақсаттарының бірі көрермен сұранысын ескере отырып, жақсы талғам қалыптастыратын бағдарламалар жасау, әсіресе отандық телехикаялар арқылы ұлтымыздың тұрмыс-салтын көрсетіп қана қоймай, оқиғадағы тағдырлар арқылы рухани мәдениетін қалыптастыру», - деп атап өтті «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы.

Оның сөзінше, 13 наурыздан бастап, Ұлттық арна эфирінде «Топыраққа тамған тер» атты жаңа телехикая шығады. Телехикаяда еңбек, туған жер, алтын бесік – ауыл өмірі тереңдей көрініс тапқан. Ал, 21 наурыздан бастап «EQUUS. Жылқы тарихы» трилогиясы көрерменге жол тартады. «EQUUS» жылқы жануарының адамзат тарихындағы рөлін ашып, Орталық Азияда жылқының шығу тегі турасындағы жаңалықтарды баяндайды. Сонымен қатар, «Әлемдік діндер көшбасшыларын біріктірген Қазақстан», «Александр Колядиннің алтын соқпағы» атты деректі фильмдер эфирге жол тартады.

«Ал, тележобаларға келер болсақ, 6 жаңа жоба мен арнаның тұрақты бағдарламалары жаңартылып шығатын болады. Оның арасында жастарға арналған «Серпін» бағдарламасы, жаңа сараптамалық «Жаһан-сарап» жобасы, қазақтың жаңа орындаушылары мен композиторларын таныстыратын «New qazaq wave» атты 4 бөлімді концерт түсірдік, сондай-ақ «Беу» музыкалық ток-шоуы, «Кім білгір?» интеллектуалдық жобасы және «Әзіл-мәзір» жобасы шығатын болады. Жаңа көктемгі телемаусымда Ұлттық арнаның тұрақты бағдарламалары, көрерменнің көзайымына айналған: Таңшолпан, Ақпарат, Апта, Мәселе, Мінбер, Қарекет, Шаңырақ, Шипагер, Дара жол, Парасат майданы, Ұлы дала сазы, Айтыс, Түнгі студия, Қайырлы кеш, Қазақстан бағдарламалары жалғасын таппақ», - дейді телеарна басшысы.

Сондай-ақ, «Qazsport» телеарнасының басты жаңалықтарының бірі, алдағы уақытта көрермендер футболдан Еуропаның 5 үздік ұлттық чемпионатының ең қызықты матчтарын тікелей эфирде тамашалай алады. Спортсүйер қауым 2019 жылдың 2-12 наурыз аралығында Ресейдің Красноярск қаласында өтетін қысқы Универсиада ойындарын тамашалайтын болады. Сонымен қатар, Сәуірдің 29-нан мамырдың 5-і аралығында Астанада өтетін хоккейден халықаралық турнирді де «Qazsport» телеарнасы тікелей эфирде көрсететін болады. Аламан бәйгеде Беларусь, Оңтүстік Корея, Венгрия, Словения және Литва елінен келген хоккейшілер бақ сынасады.

Айта кетейік, UEFA Чемпиондар мен Еуропа лигасының ойындары да телеарна эфирінен жалғасын таппақ.

Ал, «balapan» арнасы 4 наурыздан бастап жаңа және жаңартылған жобалар ұсынбақ. Атап айтқанда, телеарна контенті танымдық, ойын-сауықтық, отбасылық бағдарламалармен толықтырылады. Барлық дүниеге баланың көзімен қарай отырып, олардың таңдауын, қалауын түсіну арқылы ата-ана мен баланың ара-қатынасын жақсартуға құрылған «Баламен сұхбат» атты жаңа бағдарлама эфирге шығады. Сондай-ақ, бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлайтын «Таңжарық» ойын-сауқтық бағдарламасы және әртүрлі тақырыпта қызықты мәлімет алуға, түрлі ойындар арқылы баланың зейінін көтеріп, хабарласқан көрерменмен кері байланыс орнатуға мүмкіндік беретін «Кім тапқыр» жобасы тікелей эфирде шығатын болады.

«Tamasha tv» арнасы да өз көрермендеріне жаңа маусымда жалпы саны 14 жоба ұсынатын болады. Атап өтсек, «Күлтөбе», «Тamasha_Like», «Әзіл-дастан» және т.б. жобалар эфирге жол тартады.

Брифинг барысында Ерлан Қарин 2019 жылдың 29 маусымында Астанада өтетін Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты шығармашылық концертінің дайындық жұмыстары жайында айтып өтті.

«Өздеріңіз білетіндей, «Қазақстан» корпорациясының ұйымдастыруымен Димаш Құдайбергеннің «Арнау» атты шығармашылық концертін қолға алып отырмыз. Қазіргі сәтте дайындық жұмыстары қызу жүріп жатыр. Бұл ауқымды жобаға білікті мамандарды тартып отырмыз. Концерттің декорация эскиздері, техникалық жабдықтау жұмыстары қарастырылып отыр, себебі бұл жоба техникалық тұрғыдан күрделі. Шығармашылық жағынан айта кетсем, әр номер эксклюзивті болады. Әзірше бұл құпия болып қала бермек. Арнайы эффектілер қолданылады. Билеттің сатылымы алдағы екі апта ішінде басталады. Оны 3 күн бұрын хабарлайтын боламыз», - деді Ерлан Қарин.

Ержан Жаубай

Өзгелердің жаңалығы