Бас жаңалықтар
Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері пойызбен тегін жүре алады
06 Мамыр 2021, 16:46 355

Ардагерлер мен тыл еңбеккерлері пойызбен тегін жүре алады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Биыл Ұлы Жеңістің 76 жылдығын мерекелеу аясында 1-31 мамыр аралығында Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері теміржол көлігімен тегін жол жүру мүмкіндігін пайдалана алады.

Сонымен қатар 1935 жылғы 31 желтоқсанға дейін туған Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері 2021 жыл бойы теміржол көлігінің қызметтерін тегін пайдалана алады.

Науқан «Samruk-Kazyna Trust» Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры бастамашылық ете отырып, «Жолаушылар тасымалы» АҚ-мен бірлесіп «Жеңіс» республикалық әлеуметтік-қайырымдылық жобасы шеңберінде жүзеге асырылады.

Науқан шарттарына сәйкес, ардагерлер мен тыл еңбеккерлері Қазақстан Республикасы мен ТМД елдері арасында барлық бағыттар бойынша тегін жол жүре алады. Екінші дүниежүзілік соғысы қатысушылары мен мүгедектеріне барлық санаттағы пойыздардың купе вагондарында, оның ішінде «Турист» класты вагондарда және «Talgo» компаниясының пойыздарында мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған мамандандырылған купелерде орындар бөлінеді, - делінген хабарламада.

Тегін жол жүру науқаны тұрақты негізде өткізіледі. Осы науқан бойынша билеттерді ресімдеу үшін билет кассасына жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасын және Екінші дүниежүзілік соғысы ардагерінің немесе тыл еңбеккерінің куәлігін ұсыну қажет. ТМД елдеріне билет алар кезде тегін жол жүру құжаттары тек Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан сату пункттерінде ресімделеді.

Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлері жыл сайын азайып келе жатыр. Сондықтан биыл біз барлық жастағы тыл еңбеккерлеріне арналған науқанды кеңейттік. 2021 жылғы 1-31 мамыр аралығында олар Қазақстан мен ТМД-ның барлық бағыты бойынша теміржол билеттерін тегін қол жеткізе алады. 1935 жылдың 31 желтоқсанына дейін туылған ардагерлер мен тыл еңбеккерлері үшін аталмыш науқан жыл бойы әрекет етеді, - деп атап өтті Әлеуметтік жобаларды дамыту қоры Корпоративтік қызметінің басшысы, ресми өкілі Мирас Іргебаев.

Айта кетейік, «Жеңіс» жобасы ҰОС ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне жүйелі көмек пен әлеуметтік-тұрмыстық қолдау көрсетуге бағытталған. Жоба аясында еріктілер қарт адамдарға үй шаруашылығында көмектеседі. Олар үйді және ауланы тазалап, ұсақ жөндеу жұмыстарын жүргізеді, азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алады, олармен уақыт өткізеді. 5 жылда жоба аясында ардагерлер мен тыл еңбеккерлеріне 10 000-нан астам волонтерлік рейд жүргізілді.

Бүгінгі таңда жоба Қазақстанның 35 аймағында жүзеге асырылып жатыр. Жоба туралы толық ақпарат zhenys.kz сайтында.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...