Астана, baq.kz тілшісі. ҚР Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында болған төбелестің неден болғанын айтып берді.
Алдымен ол 2018 жылдың 31-желтоқсанынан 2019 жылдың 1 қаңтарға қараған түні шамамен таңғы 04:30-да «Древний Рим» мейрамханасының аумағында төбелес болғанын жеткізді.«Жедел тергеу шаралары барысында жаппай төбелеске қатысқан 14 адам анықталды. Олардың және 9 адам (мейрамхана қызметкерлері) бар. Егер суреттерден байқасаңыз, мейрамхананың аумағы үлкен. Сол күні көңіл көтеру орталығында 400-ге жуық адам болған. Олар түнгі үш шамасында мейрамхананы жабатынын айтқан. Таңғы 4 кезінде қонақтарға мейрамхананың жабылатыны туралы ескертілген. Бұл төбелестің басталуына себеп болған. Ерегестің жанжалдың соңы төбелеске айналған», - деді Жанат Сүлейменов ОКҚ-де өткен брифингте.
Оның айтуынша, ерегістен соң қонақтар мейрамханадан итеріп шығырылған. Кейін қонақтар тарапынан мейрамхана жаққа 10 шақты адам келген.
«Олар мейрамханаға баса-көктеп кірмекші болып, әр түрлі сөздер айтқан. Осы сәтте мейрамхана иелері мен қызметкерлер тарапынан шара қолданылған. Салдарынан төбелес шыққан», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Сонымен қатар төбелес салдарынан 23 жастағы жігіт қаза тапқанын, 8 адам ұсталғанын және қамауға алынғанын, әрі күдіктілердің бірі Гуруян есімді азаматқа қатысты іздеу жарияланғанын атап өтті.
Еске салайық, осыған дейін Қарағандыдағы «Древний Рим» мейрамханасында 1-қаңтарда төбелестен ер адамның қаза тапқаны туралы хабар тараған.
Өңірдегі полиция өкілдерінің мәліметінше, 1-қаңтарда қаладағы мейрамханалардың бірінде зорлық белгілері бар 23 жастағы жігіттің денесі табылған. Осы уақытта әр түрлі дене жарақатын алған үш жігіт (24-27 жас аралығындағы жігіттер) медициналық мекеменің көмегіне жүгінген.
Осыған дейін Қарағандыда болған төбелес ұлтаралық қақтығыс негізінде туындамағанын, төбелестің неден болғанын, оған қанша азаматтың қатысқанын хабарлағанбыз.