Қарағандыда көшпелі жұмыспен қамту бөлімі іске қосылды

14 Ақпан 2019, 14:36
2099
Бөлісу:
Қарағандыда көшпелі жұмыспен қамту бөлімі іске қосылды

Қарағанды, Baq.kz тілшісі. Қарағандыда жұмыспен қамту орталығының мамандарды халықты ақпараттандыру мен кеңес берудің өзгеше түрін іске қосты. Енді қарағандылықтар қаланың кез келген жерінде жұмыс істейтін көшпелі жұмыспен қамту бөлімінің қызметіне жүгіне алады.

Қарағандыда көшпелі жұмыспен қамту бөлімі іске қосылды

Бүгіннен бастап Қарағандының халық көп жүретін жерлерінде мобильді орталықтар жұмыс істейтін болады.

«Жыл басынан «Арай», «Шығыс», «Горняк» базарларының аумағында және теміржол вокзалында 4 жұмыспен қамту бөлімі ашылған болатын. Енді бүгін қаланың әрбір жерінде жұмыс істейтін мобильді жұмыспен қамту бөлімінің жұмысын бастаймыз. Жұмыспен қамту орталығының әлеуметтік желідегі парақшалары арқылы көшпелі бөлімнің қозғалу кестесін тұрғындарға алдын ала хабарлап отырамыз», - дейді Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Мұхтар Төлеу.

Алғашқы көшпелі орталық қаланың 45-шағын ауданындағы «Мечта» сауда үйінің жанында орналасты. Мұхтар Төлеудің айтуынша, жұмыспен қамту бөлімдері бір терезе қағидасымен жұмыс істейді. Мұнда жұмысқа орналасуға, кәсіби білім алуға жолдама беріліп, сондай-ақ, өз ісіңді бастау мен дамыту үшін шағын несиені қалай алуға болатындығы жайлы кеңес алуға болады. Мұндай мобильді бөлімдер облыстың барлық қалалары мен аудандарында жұмыс істейтін болады.

Қарағандыда көшпелі жұмыспен қамту бөлімі іске қосылды

«Бұл бастама жұмыссыз жастардың «екі қолға бір күрек» табуына септігін тигізеді деп ойлаймын. Олардың еңбекке араласып, не болмаса өз ісін ашып, отбасын асырауына мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керек», - дейді қала тұрғыны Айжан Мәлібекова.

Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, базарларда ашылған жұмыспен қамту бөлімдеріне жыл басынан бері мыңнан аса адам келген. Оның ішінде 180 адам жұмыс нарығында қажет электрдәнекерлеуші, тігінші, аспазшы-кондитер сияқты мамандықтарға оқытатын қысқа мерзімді курстарға жазылса, 700-ден астам адам мемлекеттің жұмыспен қамту бағытында жасалып жатқан шаралар жайлы кеңес алған.

Жібек Мұқашева

Фото: автор

Өзгелердің жаңалығы