Бас жаңалықтар
Қарағандыда арзан ұялы телефонға ие болғысы келгендер алданып қалды
17 Қаңтар 2019, 14:48 739

Қарағандыда арзан ұялы телефонға ие болғысы келгендер алданып қалды

Қарағанды, BAQ.KZ тілшісі. Қарағандыда 33 жастағы азамат бағасы арзан ұялы телефон сатумен айналысамын деп тұрғындарды алдап, тақырға отырғызған. «Аңқау елге арамза молда» болған алаяқ шамамен 50 миллион теңгені қолды еткен. Күдікті тергеу изоляторына қамалды, қылмыстық іс қозғалды.


2017 жылы қала тұрғыны Қарағанды облысы мен Астана қаласының аумағында ұялы телефондарды сатумен айналысатын фирма ашқан. Ол өзінің қылмыстық әрекетін іске асыру үшін жоспар құрған. Жоспар бойынша «кәсіпкер» клиенттеріне соңғы үлгідегі ұялы телефондарды нарықтағы бағасынан төмен бағада ұсынған. Алаяқ клиенттерімен өзара сату-сатып алу келісімшартына отырып, оларға тауарды міндетті түрде жеткізетіндігін айтып, телефонның 100 пайыз құнын алып отырған.

«Ол клиенттерінің сеніміне кіру үшін алдын-ала дайындалған буклеттерді, прайс-парақшаларды, сондай-ақ телефон маркасын таңдауға арналған әлеуметтік желідегі парақшасын көрсеткен. Алаяқ келісімшартта көрсетілген уақыт аяқталғаннан кейін әртүрлі сылтаулармен уақыт оздырған. Ол тұтынушыларына тауардың кешігіп жатқанын, шекарада бірқатар мәселелер туындағанын айтып, алдаған. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамалған. Оған қатысты тергеу жүргізілуде. Орталық полиция бөлімінің қызметкерлері ҚР Қылмыстық Кодексінің 190 бабы, 3-тармағына сай іс қозғады», - дейді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз xатшысы Бақытдан Құдияров.

Полиция қызметкерлері күдікті азаматтың ісінен жапа шеккендердің Қарағанды қаласының Орталық полиция бөліміне xабарласуға кеңес береді.

 Жібек Мұқашева
Загрузка...