Ақтөбе облысының әкімі тағайындалды

26 Ақпан 2019, 12:23
3681
Бөлісу:
Ақтөбе облысының әкімі тағайындалды

Ақтөбе, BAQ.KZ тілшісі. Ақтөбе облысының бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаев күні кеше Үкіметте жаңа лауазымға тағайындалды.

Оңдасын Оразалин Ақтөбе облысының жаңа әкімі болып тағайындалды. Түске дейін өңірдің жаңа басшысын Премьер-министр Асқар Мамин таныстырды.

Оңдасын Оразалин бұған дейін Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары қызметін атқарды.

«Сенім білдіргендеріңізге алғысым шексіз. Сенімдеріңізді ақтау үшін бар күш-жігерімді саламын», - деді Ақтөбе облысының жаңа әкімі Оңдасын Оразалин.

Ал, Ақтөбе облысының экс-әкімі Бердібек Сапарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі болып тағайындалған болатын. Бердібек Сапарбаев аймақты 2015 жылдың қыркүйегінен бастап басқарды.

«Мені Еңбек және халықты әлеуметтік қолдау министрі етіп тағайындады. Мен үшін үлкен жауапкершілік. Менің ендігі міндетім – қазақстандықтардың өмір сүру сапасын арттырып, жағдайларын жасау. Ақтөбеліктерге қолдау-көмектері үшін алғыс айтамын. Бірігіп жұмыс атқару нәтижесінде үлкен жұмыстар тындырдық», - деді Бердібек Сапарбаев. 

Оңдасын Оразалин 1963 жылы туған.1985  жылы Ақтөбе педагогикалық институтын, 1991 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін бітірген. 1985-1986, 1987-1988 жылдары – Ақтөбе педагогикалық институтының оқытушысы.

1988-1990 жылдары – Ақтөбе педагогикалық институтының комсомол комитетінің хатшысы.

1990-1993 жылдары – жарнамалық ақпараттық-коммерциялық агенттіктің бөлім бастығы.

1993-1999 жылдары – «Банк «Рика» ААҚ басқарма төрағасы.

1999-2000 жылдары – «Облтрансгаз» ЖАҚ, «Ақтөбегаз» ЖАҚ басқарма төрағасы.

2000-2003 жылдары – Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданының әкімі.

2003-2004 жылдары – Ақтөбе облыстық сыртқы экономикалық байланыстар және инвестициялар басқармасының бастығы.

2004-2005 жылдары – Ақтөбе облысы ішкі саясат департаментінің директоры.

2005-2006 жылдары – Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары.

2006-2007 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің мемлекеттік инспекторы.

2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және ұйымдастыру жұмыстары бөлімінің меңгерушісінің орынбасары.

2008 жылдың наурыз бен қазан аралығында – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және кадрлық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары.

2008-2014 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісінің орынбасары.

2014-2017 жылдары – Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік бақылау және аумақтық-ұйымдастыру жұмысы бөлімінің меңгерушісі.

2017 жылғы 22 наурызда Мемлекет басшысының Жарлығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі Басшысының орынбасары болып тағайындалды. «Құрмет» орденімен (2008) және 3 медальмен марапатталған. Орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.

Әсел Абат


Өзгелердің жаңалығы