Бас жаңалықтар
Ақмолада 700-ден аса салымшы жаңа пәтерлерге көшеді
02 Мамыр 2019, 16:50 438

Ақмолада 700-ден аса салымшы жаңа пәтерлерге көшеді

Ақмола облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ақмола өңірінде «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 700-ден аса салымшы баспанаға қол жеткізеді. Бұл туралы «Қазақстан тұрғын үй құрылыс банкі» Ақмола облыстық филиалы өкілдері өткізген баспасөз турында айтылды.

Оның барысында Көкшетау қаласында «Өз үйім» бағдарламасы бойынша «Регионстрой» мен «Көкшетау Жолдары» серіктестіктері «Юбилейный» және «Сарыарқа» мөлтек аудандарында салып жатқан тұрғын үйлер таныстырылды.

«Бұл үйлерді жинақ есепшотында 20 пайыздық төлемі бар адамдардың алуына мүмкіндігі бар. Есепшотында 500 мың теңгесі бар әр клиент «Baspana.kz» арқылы өтініш бере алады. Бүгінгі таңда жоғарыдағы екі компания салып жатқан үйлер бағасы халыққа тиімді саналады. Мысалы, «РегионСтрой» серіктестігі салып жатқан панель үйлердің сапасы өте жоғары, құрылыс материалдарының құрамы үнемі тексеріледі. Ал, «Көкшетау Жолдары» серіктестігі салып жатқан тоғыз қабатты тұрғын үй мекеменің өзі шығаратын отандық өніммен бой көтерген. Жылы да жайлы», - деді «Көкшетау Жолдары» серіктестігінің директоры Естай Қасенов.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақмола облыстық филиалы директорының орынбасары Нұржан Әлібековтің айтуынша, 2019 жылы өңірде 759 жаңа пәтер беру жоспарлануда. Оның 179-ы «Өз үйім» бағдарламасы бойынша, 400 пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асады.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Нұрлы жер» бағдарламасының операторы болып табылады. «Өз үйім» бағдарламасы арқылы алғашқы жарна ретінде тұрғын үй бағасының 20%-ына төлем жасаған адамдардың пәтер алуға мүмкіндігі бар. Ең бастысы, баспана бағасы қолжетімді. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағалы 660 пәтерлік 20 тұрғын үй пайдалануға берілді. Ауданы 42 941, 0 мың шаршы метр пәтер құны 3 391 млн теңге. «Өз үйім» бағдарламасы аясында банк филиалы бес үйдің құрылысы бойынша келісімшарт жасады. Былтыр облыста 302 пәтерлік үш нысан пайдалануға берілді. Аталған бағдарлама аясында жекеменшік құрылыс компанияларымен екі келісімшарт жасалды», - деді Нұржан Әлібеков.

Көкшетаудағы «Юбилейный» мөлтек ауданында «Өз үйім» бағдарламасы бойынша 90 пәтерлік, «Сарыарқа» мөлтек ауданында 130 пәтерлік тұрғын үй бой көтеруде.

«Бұл үйлер қаланың экологиялық жағынан таза аумағында орналасқан. Мектеп, балабақша, дүкендерден алыс емес. Құрылыс алаңында жоғары білікті мамандар жұмыс атқаруда. Сатып алынатын материалдардың сапасы қатаң бақылауда. Ал «Сарыарқа» мөлтек ауданындағы үйлер Екатеринбург мамандарының жобасы бойынша салынуда. Бұл жоба арқылы үй иелерінің қалауымен пәтерлер мен бөлмелерді біріктіруге мүмкіндік бар. Құрылысқа материалдарына жергілікті сертификатталған өнімдер пайдаланылуда», - деді «Регион строй» құрылыс компаниясы директорының орынбасары Қанат Лұқпанов. 

 


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық