Антигендер экспресс-сынамасы мен ПТР-сынамасы: айырмашылық бар ма?

31 Тамыз 2021, 10:30
3100
Бөлісу:
Антигендер экспресс-сынамасы мен ПТР-сынамасы: айырмашылық бар ма?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ПТР-сынамасы - қазіргі таңда COVID-19 індетін анықтауға арналған тест. Бірақ сіз дәл ПТР сияқты антигендерді анықтауға арналған экспресс-сынама да коронавирус індетін анықтайтынын білесіз бе?

Экспресс-сынаманың екі түрі бар: антигенге және антиденелерге арналған. Біріншісі - молекулалық сынақтар сияқты, белсенді COVID -19 инфекциясын анықтау үшін пайдалы. Екіншісі – ағзаның инфекцияға жауап ретінде дамыған антиденелерді тексеру. Яғни, антиген тесті емделушінің дәл қазіргі кезде жұқпалы аурумен науқастанғанын көрсетеді, ал антиденелер тесті оның өткен уақытта ауырғанын анықтайды.

ПТР мен экспрес-сынама арасындағы ең маңызды айырмашылық - бұл уақыт. Әдетте, ПТР-сынағы кем дегенде бірнеше сағатты алады, оның ішінде үлгіні тасымалдауға кететін уақыт.

Уақыт факторы ПТР тестінің кең қолданылуын шектейді, сонымен қатар әртүрлі аурухана жағдайында тестілеудің көп болуына жол бермейді, - делінген Зертханалық медицина және сараптау қауымдастығының хабарламасында.

Антигенді анықтауға арналған сенімді экспресс-сынаманы пайдаланған кезде оң немесе теріс нәтижені анықтаудың ең ұзақ уақыты небәрі 15-30 минутты құрайды.

Бүкіл әлемде коронавирус диагнозын қою үшін антигенді анықтайтын өте аз жиынтықтар бар. 2020 жылдың 9 мамырында АҚШ-тың Азық-түлік және дәрі-дәрмектер басқармасы (FDA) Sofia 2 SARS Antigen FIA деп аталатын Quidel антигендер жиынтығын қолдана отырып, алғашқы антиген сынағына рұқсат берді. Сол жылдың 14 мамырында Жапонияның денсаулық сақтау, еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру министрлігі Fujirebio Inc антигендерін сынау үшін Токио жиынтығын қолдануды мақұлдады.

Содан бері бүкіл әлем бойынша экспресс-сынаманың саны күрт өсті, санның өсуімен қатар сапасы да жақсарды: сезімталдық 97-99% дейін, ерекшелігі 99-100% дейін, ал дәлдігі 98-99% дейін.

FIND Ауруларды диагностикалау бойынша ғаламдық альянстың мәліметтері бойынша, бүгінгі таңда COVID-19 антигенін анықтауға арналған экспресс-сынаманың коммерциялық нарығында 165 өндіруші жұмыс істейді, олардың көпшілігі АҚШ, Қытай, Жапония, Корея және бірқатар Еуропа елдерінен келеді.

Қазақстанда Зертханалық медицина және сараптау қауымдастығының мәліметтері бойынша, кем дегенде екі отандық экспресс-сынама өндірушісі жұмыс істейді. Олар: «Eco Pharm KZ» және «Хан Мед Тест». Үшінші өндіруші зауыт құрылысын енді аяқтап жатыр.

Қазіргі уақытта «ECO Pharm KZ», Sure-Bio-Tech (АҚШ-Гонконг) өндірісінің және Abbott компаниясының экспресс-тестілері SARS-COV-2 антигендерін талдаудың экспресс әдістерінің көмегімен COVID-19 диагностикасының жаңа моделін енгізу бойынша жобаға қатысуда.

Антигендерге арналған тесттер COVID-19- бен күресу жолында шешуші рөл атқаруы мүмкін, өйткені олар әдетте ПТР-сынақтарына қарағанда төмен бағамен шығарылады және отандық өндірушілер нарыққа осы ұсыныспен шыққаннан кейін қазақстандықтарды тестілеу күрт артуы мүмкін, - дейді Зертханалық медицина және сараптау қауымдастығының президенті, «ILab 100+» ЖШС директоры Райхан Мамырова.

Осылайша, нақты уақытта коронавирустың таралуын бақылау мүмкіндігі пайда болады.

Мұндай мақсатты қазірдің өзінде Сингапур билігі көздеп отырған көрінеді. ПТР-ға қарағанда бұл елде экспресс-сынаманы көбірек қолданады. Мысалы, бір-екі апта бұрын Үкімет тарапынан азаматтарға экспресс-сынама жиынтығы таратыла басталды. Қысқа уақыт ішінде бұл сынамалар құрылыс нысандары үшін немесе ата-аналар мектепке бару үшін міндетті болады деп күтілуде.

6 тамызда елдің ведомствоаралық жұмыс тобы денсаулық сақтау, қарт адамдарға күтім жасау мекемелерде вакцина алмаған қызметкерлер VoRT деп аталатын режим аясында осы жылдың бірінші қазанынан бастап антигендерге экспресс-сынама арқылы аптасына екі рет сынақтан өтуі керек деп мәлімдеді.

Сингапур VoRT режимін кеңейту туралы шешім қабылдады, оған сауда орталықтарының қызметкерлері, супермаркет жұмысшылары, такси жүргізушілері және жалдау қызметтері бойынша жеке тұлғалар, соңғы мильдегі жеткізу қызметкерлері, автомектеп нұсқаушылары, жеке жүргізуші нұсқаушылары және қоғамдық көлік қызметкерлері кіреді.

Қорытынды түйін – экспресс-сынаманы өндірісте антигенді анықтауға кеңінен қолдануға болады, мысалы, вахталық әдіс қызметкерлері үшін, сондай-ақ медициналық мекемелерде, екіқабат әйелдердің жүктілік мерзімі келгенде шұғыл тестілеу маңызды, өйткені бұл жерде нәтижені анықтау кейінге қалдыру мүмкін емес. Зертханалар жоқ жерлерде, шалғай елді мекендерде, өндірістік және режимдік объектілерде жедел тестілерді қолдану қисынды болып көрінеді.

Өзгелердің жаңалығы