Бас жаңалықтар
Алтай Көлгінов астанаға жылу қашан берілетінін айтты
21 Қыркүйек 2020, 20:17 1144

Алтай Көлгінов астанаға жылу қашан берілетінін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қала әкімі Алтай Көлгінов жылыту маусымының басталуы жөнінде жиналыс өткізді. Бұл туралы ол өз инстаграм парақшасында жазды.

Алдағы жылу маусымына дайындалып жатырмыз. Ең алдымен мектеп, балабақша, медицина мекемелері сынды әлеуметтік нысандарға жылу беріледі. Әлеуметтік мекемелердің ғимараттары жылу маусымына толық дайын. Сондай-ақ, көппәтерлі тұрғын үйлерге де жылу беріле бастайды. Жаңа нысандарға қосатын жылу көздерін анықтадық, қазір қуаты тексеріліп жатыр. Ал жеке сектор тұрғындары үшін қаланың әр жерінде орналасқан 11 көмір сататын орын белгіленді. Алып-сатарлық пен түсінбестік болдырмас үшін көмір қоймаларына көмір жеткілікті мөлшерде әкелінді. Көмірдің бағасы, түрі сияқты толық ақпаратты 109 желісіне хабарласып біліп отыруға болады – деді қала әкімі.

Оның айтуына қарағанда, елдімекендерді газдандыру жұмысы жалғасып жатыр.

Мәселен, Железнодорожный елдімекенінде газбен жабдықтайтын тарату желілері толық жүргізілген. Промышленныйда, 2-ші Көкталда 95%, 1-ші Көкталда жұмыстар 80%-ке бітіп тұр. Мұндай жұмыстар Агрогородок, Оңтүстік-Шығыс тұрғын алаптарында да жүріп жатыр. Осы тұрғын алаптардағы үйлер, оның ішінде Агрогородоктың жартысы биылғы жылу маусымында газды қолдана алады. Тұрғындар үйлерін газға қосуға техникалық шарттар алу үшін фронт-кеңселерге баруы керек. Бұдан өзге, биыл 1-ЖЭО мен 2- ЖЭО бір бөлігін газға көшіреміз. Ауа температурасы 5 күн шамасында +10 градус (және одан төмен) болып тұрса онда жылу беру басталады,-деп жазды Алтай Көлгінов.

Фото: ашық дереккөз
Загрузка...