Алмаз Шарман: Жақын күндері Қазақстанда да вакцинация жылдамдығы артады деген үміттемін

29 Наурыз 2021, 17:52
2480
Бөлісу:
Алмаз Шарман: Жақын күндері Қазақстанда да вакцинация жылдамдығы артады деген үміттемін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Қазақстанда COVID-19-ға қарсы вакцинация: ең өзекті сұрақтарға жауаптар» тақырыбында өткен онлайн брифинг кезінде профессор, Америкалық денсаулық сақтау қауымдастығының мүшесі Алмаз Шарман айтты.

Осыдан бірнеше ай бұрын АҚШ-та жаппай вакцинация басталды. Қазір вакцинамен қамтылғандар көлемі 28%-ға жеткен. Тиісінше бір ай ішінде вирус жұқтыру деңгейі 3-4%-ға, өлім-жітім деңгейі 30%-ға төмендеген. Бұл - жақсы көрсеткіш. Қазір тұтас планета ауруға шалдыққанын әрбір адам ұғынды. Сонымен қатар қоғамды бұл дерттен айықтырудың бір амалы – вакцина екенін және оны жартылай емес толықтай алу керек екенін түсінді. Қазір екпе алғысы келетіндер ұзын-сонар кезекке тұрған, - деді ол.

Спикер бұған дейін Түркия мемлекетінде болғанын, бұл елде де міндетті маска режимі жақсы сақталатынын айтты.

Түркияда жүргенімде бір жағдай болды. Мен маскамды уақытша ғана шеше тұрған едім, маған бейтаныс екі азамат келіп, маска тағудың маңыздылығына қатысты ескерту жасады. Демек бұл елде де халық вакцинацияның тығырықтан шығар жол екенін жақсы түйсінген. Жақын күндері Қазақстанда да вакцинация жылдамдығы артады деген үміттемін. «Спутник V» вакцинасын ғылым саласы қол жеткізген ірі жетістік деуге болады. Себебі ол тиімді әрі жоғары қорғаныш деңгейін қамтамасыз етеді. Сондықтан азаматтарды коронавирусқа қарсы вакцина қабылдауға және пандемияны жеңуге нақты үлес қосуға шақырамын, - деді ол.

Алмаз Шарман вакцинаның екі компонентін де алу маңызды екенін айтты. Ол вакцина алғаннан кейін де міндетті маска режимін, қажетті санитарлық нормаларды мұқият сақтауға шақырды.

Өзгелердің жаңалығы