Алматыда Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған конференция өтіп жатыр

17 Мамыр 2021, 10:57
2154
Бөлісу:
Алматыда Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған конференция өтіп жатыр

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда көрнекті ақын Олжас Сүлейменовтің 85 жылдығына арналған «Танып-біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениетттерді жақындастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өтіп жатыр.

Аталған шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы» (2013-2022 жж.) аясында Алматы қаласының әкімдігімен бірлесіп ұйымдастырылған.

Конференцияның мақсаты Олжас Сүлейменовтің өміріндегі әдеби, ғылыми және қоғамдық-саяси идеялар мен құндылықтарды түсіну және зерттеу. 

Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев қалада ақынның мерейтойына арналған іс-шаралар жалғаса беретінін айтты.

Олжас Сүлейменов ЮНЕСКО-ны басқарғаннан бері мәдениетті жақындастыру деп айтқан бір ғана бастамасы он жылдан бері жалғасын тауып келеді. Бүгінгі конференция соның айқын көрінісі. Осы жиында тек еліміз үшін ғана емес, әлем үшін де бағыт-бағдар беретін және әлем бейбітшілігіне бастама болатын жаңа ойлар айтылады деп ойлаймын. Олжас Сүлейменовтің: «Әлемді апаттан құтқаратын – мәдениет» деген сөзі бар. Сондай-ақ, «Егер халық адамзатқа бірнеше ұлы тұлға сыйламаса, онда ол тарихта өз тіршілігін ақтамағаны» деген еді. Қазақ халқының тарихына қарасақ Олжастай қаншама ұлы тұлғаларды сыйлап келді, - деді басқарма басшысы.

Олжас Сүлейменов – XX-XXI ғасырлардағы аса көрнекті ақын, бүкіл әлемге өзінің поэзиясымен ғана емес, қоғамдық-саями қызметімен де танымал тұлға. Олжас Омарұлы әр жылдары ҚазКСР Жазушылар Одағын басқарып, Қазақ КСР кинематография жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы, көп жыл бойы ҚазКСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болды. 1995-2001 жылдары аралығында ҚР-ның Италия, Греция, Мальтадағы Төтенше және Өкілетті елшісі, 2001-2014 жылдары – Қазақстанның ЮНЕСКО- дағы Тұрақты өкілі болды.

Олжас Сүлейменовтің поэзиясы-әдебиеттің таңғажайып феномені. Ақынның өмірбаяны мен өміршеңдігі авангард поэтикасын, дала мотивтері мен техногендік дәуірдің космизмін, мәдениеттердің диалогы мен диалектикасын – біріктіреді. Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болгар, венгр, моңғол, қырғыз, түрік және басқа да тілдерге аударылған.

Өзгелердің жаңалығы