Қарыздан құтылу үшін ағзамды сатудан басқа амал қалмады – көпбалалы ана

17 Мамыр 2021, 10:45
8322
Бөлісу:
Қарыздан құтылу үшін ағзамды сатудан басқа амал қалмады – көпбалалы ана
EX
Фото: BAQ.KZ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Редакциямызға Айнаш Байгенже есімді көпбалалы ана хабарласты. Қарызға белшесінен батқанын, бүйрегін сатудан басқа амалы қалмағанын айтты. Кейіпкеріміз басына қандай іс түскенін өзі баяндап берді.

Айнаш - Қызылорда қаласының тумасы. Жасы 31-де. Ол бала кезден тұл жетім екенін айтты.

Қазір жолдасым екеуміз 6 баланы тәрбиелеп отырмыз. 4 ұл, 2 қызымыз бар. Балаларымның үлкені 5-сыныпта оқиды, ең кішісі1-ден асты. Күйеуім құрылыста жалдамалы жұмыс істейді. Өзі намазхан, дінге жақын, - деді ол.

Көпбалалы ана айтқандай, қазір ол отбасымен Қызылорда қаласында тұрып жатыр. Пәтер үшін ақы төлемейді. Тек коммуналдық төлемдерін өтейді екен. Әкімшілік уақытша тұруға беріпті. Күзде Үкімет тарапынан үй алуға кезек келетінін де жеткізді.

Мен қазір жұмыссызбын. Бүйректі сату бойынша заңгердің көмегіне жүгінбедім. Тек жалпақ жұрттан сұрап білдім. Біреулер «өзіңнің органың, өзің білесің» дейді. Кейбіреуі «жауапкершілікке тартыласың, бұл – заңсыз, тек тегін бере аласың» деп айтты. Өзім де қорқамын. Жолдасым қарсы. Бірақ менің басқа амалым жоқ. Сосын осындай ой келді. Жан-жақтан қарыз қысып, «несиелерді жауып бер» деп жатыр. Менің көмек сұрайтын әке-шешем, туған-туысым жоқ. Күйеуімнің туыстары бар. Оларға айтқан күнде де, көмек бере алмайды. Өздерінің жағдайлары мәз емес. Сол себепті де айтқан жоқпыз, - деді Байгенже.

Оның айтуынша, жолдасының тапқан табысы тек тамаққа жетеді.

Ол намазға жығылады. Есіл-дертінің барлығы – дін. Маған тек «Алладан сұра, Алла бәріне көмектеседі» дейді. Мен де Алладан сұрап жатырмын. Жаман әдеттен аулақпыз, арақ-шарап, шылым дегенді мүлдем пайдаланып көрмегенбіз. Екі үлкен балам да мешіттен дәріс алады. Құран жаттап, араб тілін меңгеріп жатыр. Бала-шағамызбен сұрап жатырмыз. Есі білетіндер біздің жағдайымызды біледі, - деді ол.

Айнаш қарызға қалай кіріп кеткенін айтты.

Менің бір кездері басым ауырып, тіпті жүре алмай қалған сәттерім болды. Дәрігерлер емдей алмады, қазақы емге жүгіндім, бармаған әулие, бақсыларым қалмады. Жалпы денсаулығым мәз емес. Себебі асқазанымда гастрит, ұйқыбезімде панкреатит, бауырым гепатоз. Тек бүйрегім ғана сау, таза екен. Менде сататын не бар екен деп көп ойландым. Ең дұрысы бүйрек деп шештім, - деді ол.

Айнаш Байгенже қиын кезеңдерде өзіне қол жұмсағысы келгенін де айтты.

Мен балаларымды қимадым. Адамның ең жанды, әлсіз жері бала екен. Өзім жетімдіктің азабын көп көрген соң балаларымның менсіз өмір сүруін елестете алмаймын. Сондықтан бүйрегімді сатқым келеді. Жолдасым күні-түні Алладан «қиындығымызды жеңілдетші» деп сұрап жатыр, - деді ол.

Айнаш 6 бала үшін 66 мың теңге жәрдемақы алатынын да айтты.

Менің бірінші жолдасым суға кетіп, көз жұмған. Екі үлкен баламның әкесі сол кісі. Екі ұлыма мемлекет тарапынан жәрдемақы төленеді. Менің мұндай үлкен қарызға кіріп кеткен себебім – пайызға ақша алу. 30 пайызбен қомақты сома алған едім. Бір жанашыр апа екі банктен несие алып берді. Сол несиенің ақшасына пайыздың жартысын жаптым. Жартысы қалып, өсіп кеткен. Қарыздарымды есептеп жазып қойдым. 7 млн теңгеден асып тұр. Сол себепті мен бүйрегімді сатқым келеді. Ешкімге алақан жайғым келмейді. Себебі қазір халықтың жағдайы да мәз емес. Осы жағдайға тек өзім кінәлі болғандықтан, осындай шешімге келіп отырмын, - деді ол.

Қазақстанда ағза сатуға бола ма?

Әлемнің көптеген еліндегідей Қазақстанда да органдар мен тіндерді сатуға заң бойынша тыйым салынған.

ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру жөніндегі республикалық орталығы» директоры Әділ Жұмағалиевтің айтуынша, Қазақстанда ағзалардың донорлығы ерікті және өтеусіз жүзеге асырылады.

«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі Кодекстің 209-бабы 4-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, адамның ағзаларын (ағзасының бөлiгін) және тiндерін сатып алуға/сатуға тыйым салынады. Қылмыстық кодекстің 128-бабы 2-тармағы 7-тармақшасына сәйкес, транспланттау немесе өзге де пайдалану үшін жәбірленушінің ағзаларын немесе тіндерін алып қою мақсатында адамды сатып алу/сату немесе оған қатысты өзге де мәмілелер жасау мүлкі тәркіленіп, төрт жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады, - деді Жұмағалиев.

Елімізде жүректі, өкпені, бауырды, бүйректі, ұйқы безін транспланттау жүргізіледі. Ағзаны ауыстырып салу медициналық көмектің кепілдік көлемі аясында тегін жүзеге асырылады.

Ranker.com сайтының мәліметі бойынша, қара нарықтағы ең сұранысқа ие ағза – бүйрек. Қара базардағы бүйректің бағасы – 200 мың доллар. Бұл АҚШ-тағы баға. Бүйректің бағасы Қытай мен Үндістанда бұған қарағанда әлдеқайда арзан.

Ағзаны сатуға заң тыйым салады. Тек тегін транспланттауға ғана рұқсат береді.

Ал Ислам діні донорлық трансплантация мен ағза саудасына қарсы ма?

Шариғат және пәтуа бөлімі меңгерушісінің орынбасары Хасан Аманқұлдың айтуынша, донор болуға, трансплантацияға шариғат рұқсат береді.

Бұл туралы ҚМДБ Ғұламалар кеңесі арнайы пәтуа қабылдаған. Әлемдегі пәтуа орталықтары, танымал ғалымдар да оны құптайды. Бірақ оның бірнеше шарттары бар. Біріншісі - тірі адамның денсаулығына зиян тимеуі тиіс. Екіншісі - отаны арнайы мекемеде, арнайы мамандар өткізуі және оның сәтті өтуіне кепілдік беруі керек. Сондықтан адам қайтыс болғанда ғана оның келісімімен ағзасын алуға болады. Үшінші шарты - донор келісімінің болуы, - дейді Хасан Аманқұл.

Кубан мемлекеттік университеті мамандарының зерттеуі бойынша, қарыз алушылардың несие бойынша төлем жасамауы әртүрлі болуы мүмкін.

Қаржылық қиындықтар туындаған кезде борышкерлердің мінез-құлқы да өзгереді. Психологиялық тұрғыдан алғанда борышкер несиені өтеу жағдайында тұрған немесе несие берушіге өтелмеген қарызы бар несиелік қатынастардың субъектісі.

Борышкер – бұл өтелмеген қарызы бар, яғни несиені уақытында бере алмайтын немесе қазіргі уақытта бере алмайтын қарыз алушы. Психологиялық тұрғыдан алғанда, мұның артында қарыз алушының өзіне қабылдаған міндеттемелерін орындамау, рөлдік мінез-құлықты бұзу және кредитормен ресурстарды адал алмасудың аяқталмаған актісі тұр, - делінген зерттеуде.

Алайда психологияда борышкердің бірыңғай портреті жоқ. Ол жеке оқиғалармен анықталады.

Өзгелердің жаңалығы