Алматыда азаншылар сайысы өтті

4 Қазан 2020, 18:21
1836
Бөлісу:
Алматыда азаншылар сайысы өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бастамасына орай Алматы Орталық мешітінде ІV республикалық азаншылар жарысының Алматы қаласы бойынша іріктеу сайысы өтті. 

Додалы жарысқа қала мешіттерінің әсем әуезді жиырма бес азаншысы қатысып, өзара бақ сынады. Іріктеу сайысына Алматы қаласы Алмалы аудандық «Төле би» мешітінің бас имамы Ерсін Әміре, Алматы Орталық мешітінің наиб имамдары Ермек Көкірекбаев пен Ашимов Қасым және «Жігіттер» тобының әншісі Ердос Әмзеханұлы төрелік етіп, қатысушыларға әділ бағасын берді. 

Азан айтудың тәртіп пен әдебін сақтай отырып азан айтқан қатысушылар төрешілер мен көрермендердің құлақ құрышын қандырып, ерекше әсер сыйлай білді. Ал іріктеу сайысында жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шапқан азаншыларды Алматы қаласының бас имамы Еркінбек Шоқай мен ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің мүшесі Бауыржан Әлиұлы марапаттап, сыйлықтар табыстады. 

Атап айтқанда, ІV республикалық азаншылар жарысының Алматы қаласы бойынша іріктеу сайысында жүлделі І орынды Нұр-Мүбарак мешітінің азаншысы Ақназар Маратұлы иемденсе, ІІ орын Алатау ауданына қарасты «Д.Қонаев» мешітінің азаншысы Дәндібаев Әділғазыға бұйырды, ал үшінші ІІІ орынды Алматы қаласы Наурызбай аудандық «Әбу Бәкір» мешітінің азаншысы Тайлақов Ерлан қанжығасына байлады. 

Содан азаншылардың Алматы қаласы бойынша іріктеу сайысының жүлдегері Ақназар Маратұлына қаланың бас имамы Еркінбек Шоқай жуырда Маңғыстауда өтетін ІV республикалық азаншылар жарысына жолдама табыстап, сәттілік тіледі. 

Өзгелердің жаңалығы