Алматыда Абай өлеңдерін үздік оқыған өзге ұлт өкілдері марапатталды

27 Қазан 2021, 18:00
38430
Бөлісу:
Алматыда Абай өлеңдерін үздік оқыған өзге ұлт өкілдері марапатталды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы қаласында Қазақстан инженерлік-технологиялық университетінде Республикалық Абай өлеңдерін мемлекеттік тілде оқу челленджінің марапаттау рәсімі өтті. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Байқау бірінші мамыр күні жарияланып, бүгінге дейін бейне-челленджге еліміздің түкпір-түкпірінен түрлі этнос өкілдері #Бірлігіжарасқанел хештегі арқылы онлайн қатысқан. Бағы мен берекесі асқан, ынтымағы жарасқан елдің бірлігін нығайту мақсатында ұйымдастырылған байқауда мыңнан астам жас бақ сынап, үшеуі ғана финалға жолдама алған.

Қазақстан бойынша 1000-ға жуық адам қатысты. Өзге ұлт өкілдеріне мәнерлеп оқу – аса қиын емес. Тіл білмесе де, Абай өлеңдерін жаттап алып қатыса алады. Біз осы байқау арқылы өзге ұлт өкілдеріне мотивация беріп, қызығушылығын оята аламыз, – дейді «Адырна» этнографиялық бірлестігінің президенті Арман Әубәкір.

Байқау екі бағыт бойынша ұйымдастырылған. Бірінші бағыт кемеңгер Абай оқулары болса, екінші бағыт ұлттық аспапта ойнап, ән шырқау. Бір баудың ағашындай, бір ананың баласындай ұлты мен ұлысы ұйысқан Тәуелсіз ел ұрпақтарына Ұлы Абайдың өлеңдерін насихаттау нағыз патриоттарды тәрбиелеуде үлесі зор дейді шара ұйымдастырушылары.

Абайдың даналығымен, өлеңімен қаруланатын болса, онда өркениеттілік те, өсу де, сапалы білім де - бәрі біздің жастардың бойынан табылатындығы сөзсіз, – деді ҚазИТУ ректоры Гүлнәр Сәрсенбекова.

Өзгелердің жаңалығы