Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан халықтарының Ассамблеясы көпұлтты этностардың керемет пікірлесу алаңына және қоғамдық қайта құру ресурсына айналды. Бұл туралы Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев Қазақстан халықтары Ассамблеясының форумында айтты.
Қала әкімі жиынның ашылуында сөз сөйлеп, Қазақстан халықтары ассамблеясы аясында қоғамдық келісім бойынша атқарылып жатқан істерге тоқталып өтті.«Алматы қаласы көпұлтты. Мұнда Қазақстан халқы ассамблеясының жалпыұлттық бірлік идеясымен 100-ден аса этностар келісім мен бейбітшілікте өмір сүріп жатыр. Біздің қаламызда 19 республикалық және 37 қалалық этномәдени бірлестіктер бар. Олар түрлі этностардың тілі, мәдениеті мен салт-дәстүрін дамытуға және жалпы ұлттық бірліктің нығаюына өз үлестерін қосып жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар ол, Алматыда 10 этникалық БАҚ тіркеліп, өз қызметтерін жүргізіп жатқанын айтып өтті.
«Олар «Ахыска» түрік халықаралық газеті, «Коре Ильбо» респубилкалық газеті, «Уйгур Авази», «Азия сегодня», «Казачий курьер», «Жийна Курд», «Силк роуд тудей» және Deutsche Allgemeine Zeitung» неміс газеті, «Алматинский курьер «Полоний» журналы, «Тәңритағ» ойын-сауық ұйғыр телеарнасы», - деді Бақытжан Сағынтаев.
Сөз арасында ол этномәдени бірлестіктер жанынан құрылған 27 шығармашылық ұжым бар екенін және қалада 3 ұлттық театр жұмыс істеп жатқанын жеткізді.
«К.Кужамьяров атындағы ұйғыр мемлекеттік республикалық музыкалық комедия театры, Мемлекеттік республикалық Корей музыкалық комедия тетары және республикалық Неміс драма театры жұмыс істеуде. Біздің азаматтар өздерінің ана тілінде сөйлеп жатыр, өздерінің төл мәдениеті мен салт-дәстүрін сақтай білді, сондай-ақ өздерінің дәстүрлі діндерін ұстануда. Осы тұста Қазақстан халықтары ассамблеясы көпұлтты этностардың керемет пікірлесу алаңына және қоғамдық қайта құру ресурсына айналып отыр», - деді ол.