Алматылық таксист әуежайдан қала ортасына дейін жолаушыны 23 мың теңгеге жеткізген

27 Ақпан 2019, 14:35
2066
Бөлісу:
Алматылық таксист әуежайдан қала ортасына дейін жолаушыны 23 мың теңгеге жеткізген

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Алматыда такси жүргізушісі жолаушыны әуежайдан қала ортасына жеткізгені үшін 23 мың теңге алған. Бұл туралы Алматы халықаралық әуежайдың Facebook-гі ресми парақшасында жарияланды.

Бұған дейін әлеуметтік желіде Алматы әуежайының ресми серіктесі AportTaxi жүргізушісі әйел адамды әуежайдан Сәтпаев пен Байтұрсынов көшелерінің қиылысында тұрған қонақүйге жеткізгені үшін 23 мың теңге алып, оның қолына 17,5 мың теңгенің шегін ұстатқаны жайлы мәлімет тараған болатын.

Әуежай қызметкерлері осы келеңсіз жайтқа қатысты зерттеу жүргізіп, оны алаяқ таксилер жасап жүргенін мәлімдеді.

«AportTaxi расыменде Алматы әуежайының ресми серіктесі болып табылады. Әуежайда жұмыс істейтін көліктердің барлығында фирмалық логотип пен телефон нөмірлері көрсетілген. Сонымен қатар олар үшін тұрақта арнайы орын да қарастырылған. Және AportTaxi жолаушыларының барлығы төлем жасағаны жөнінде түбіртек алады. Біз осы жайтқа байланысты ішкі тексеріс жасадық. Жолаушының қолына ұстатқан түбіртек көшірме болып шықты, яғни қолдан жасалған»,-делінген баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Сондай-ақ олар алаяқ таксиді тапқанын да хабарлады.

«Біз ол такси жүргізушісін таптық. Ол жолаушысы ресейлік рубльмен төлеуді ұсынғанда қарсылық танытпағанын айтады. Ол қандай курспен алғаны белгісіз, алайда ол әйелге артық ақшасын қайтарып беруге келісті»,-дейді баспасөз қызметіндегілер.

Әуежай қызметкерлері мұндай жағдайға ұшырамас үшін жеке таксилерді емес, фирмалық таксилердің қызметін таңдауға шақыруда.

Әділет Мұсахаев

Өзгелердің жаңалығы