Алматы полициясының үйлерді неге аралап жүргені белгілі болды

9 Қазан 2020, 10:45
5997
Бөлісу:
Алматы полициясының үйлерді неге аралап жүргені белгілі болды

Алматы, BAQ.KZ. Алматы полицейлері «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында 80 мыңға жуық үйді аралап, 6640 адамды әкімшілік жауапкершілікке тартты. Бұл туралы Алматы ПД-нің баспасөз қызметі хабарлады.

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің тапсырмаларын орындау, сондай-ақ, құқық бұзушылықтардың алдын алу, анықтау және жолын кесу мақсатында ағымдағы жылдың 7 қыркүйегінен 1 желтоқсанына дейін Алматы қаласының аумағында «Учаске» жедел-алдын алу іс-шарасы өткізілуде.

Іс-шараның басты мақсаты – әкімшілік учаскедегі пәтерлерді және үйлерді аралау, тұрғындармен байланыс орнату, ішкі істер органдарының профилактикалық есептерінде тұрған адамдарды, азаматтық қарудың иелерін тұрғылықты жері бойынша, сондай-ақ, базарлар мен басқа да сауда орындарын тексеру болып табылады, – деді Алматы қаласының ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Манап Саттаров.

Учаскелік полиция инспекторлары жедел-алдын алу іс-шарасы басталғалы бері 77 114 тұрғын үйді аралады.

Іс-шара барысында салық органдарында тіркеусіз жалға берілген 1 358 пәтер анықталды. Ақпарат шара қабылдау үшін аудандардың Салық басқармаларына жіберілді. Жеке басын анықтау мақсатында 73 шетелдік азамат қабылдау бөліміне, ал 18 кәмелетке толмаған бейімдеу орталығына орналастырылды. ІІО профилактикалық есебінде тұрған 1 871 адам, сондай-ақ, 6 390 атыс қаруының иелері тексерілді, нәтижесінде қаруды сақтау ережелерін бұзғаны үшін 128 қару тәркіленді. 6 640 адам түрлі құқық бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды, – деп қорытындылады полиция полковнигі Саттаров.

Өзгелердің жаңалығы