Алматы облысының үздік дәрігеріне көлік сыйға берілді

13 Маусым 2019, 21:28
2202
Бөлісу:
Алматы облысының үздік дәрігеріне көлік сыйға берілді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Алматы облысының Үздік дәрігері анықталды. «2019 жылдың Үздік дәрігері» атағын Алматы өңірлік онкологиялық диспансерінің хирург - дәрігері Естөре Қарғабаев жеңіп алды. Оған Алматы облысының әкімі Амандық Баталов су жаңа «Лада Гранта» автокөлігінің кілтін табыстады.

Медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай өткізілген облыстық байқауда үздік дәрігерлер 8 номинация бойныша жеңімпаз атанды. Атап айтқанда, «2019 жылдың Үздік дәрігері» атағын Алматы өңірлік онкологиялық диспансерінің хирург - дәрігері Естөре Қарғабаев жеңіп алды. Оған «Лада Гранта» автокөлігінің кілті табысталды.

Алматы облысының үздік дәрігеріне көлік сыйға берілді

«Алғашқы санитарлық - медициналық көмек көрсетудің Үздік дәрігері» атағын №1-ші қалалық емхананың педиатр-дәрігері Бэлла Валишанова, «Үздік ауылды елді-мекен дәрігері» атағын Қарасай ауданына қарасты Жамбыл ауылының дәрігерлік амбулаториясының бас дәрігері Самал Сымжанова мен жалпы тәжірибе дәрігері Ақайша Сарина иеленді. Еңбегінің өтеуі ретінде жеңімпаздардың әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаттары мен әкім дипломы табысталды.

Алматы облысының үздік дәрігеріне көлік сыйға берілді

«Үздік медбике» атағына лайық деп танылған Сарқан ауданының орталық ауруханасының медбикесі Самал Сымжанова мен «Үздік фельдшер» атанған Іле ауданы Жауғашты фельдшерлік-акушерлік пунктінің фельдшері Айтолқын Гопаеваға 350 мың теңгенің сыйақысы табысталды.

Алматы облысының үздік дәрігеріне көлік сыйға берілді

Сондай-ақ кәсіби шеберлігі мен өз ісіне деген адалдығы үшін облыстың бірнеше ақ халатты абзал жандары өңір басшысының Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.

«Құрметті медицина қызметкерлері! Сіздердің таңдаған мамандықтарыңызда кездейсоқ адамның болуы мүмкін емес. Медицинаға тек жүрек қалауымен ғана барады. Сіздер Гиппократқа ант берген, алтын қолды, жұмысына жан-тәнімен берілген жансыздар. Бұл өз тарапынан азаматтарымыздың денсаулығы мен өмірін сақтаудағы сіздердің ең басты құндылықтарыңыз. Облыс тұрғындарының денсаулық жағдайына сараптама жүргізе келе, көптеген көрсеткіштердің жақсарғандығын байқауымызға болады. Қан-тамыр жүйесі ауруларынан болатын өлім санының азаюы, өкпе құрты ауру мен одан болатын өлім санының азаюы, денеде пайда болатын қатерлі өскіндерден болатын өлім санының азаюы – сіздердің жұмыстарыңыздың елеулі көрсеткіші. Бұл көрсеткішті алдағы жылдарда сақтап қана қоймай, одан да жақсартуға талпыну қажет», - деді облыс әкімі Амандық Баталов байқау қорытындысына арналған салтанатты кеште.

Алматы облысының үздік дәрігеріне көлік сыйға берілді

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы Алматы облысында 15 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға берілді. Олардың ішінде онкологиялық ауруларды ерте сатысында анықтауға мүмкіндік беретін ахуалдық орталықты ерекше атап өтуге болады. Аталған орталықтың мамандары ағымдағы жылдың 5 айында аурудың алдын алу мақсатында 80 717 адамның денсаулығын тексеріп үлгерді. Пайдалануға берілген өте маңызды тағы бір нысан ретінде облыстық балалар ауруханасы ішінен ашылған балалар мен неонаталды хирургия орталығын атап өткен жөн. Бұл нысанды іске қосудың нәтижесінде жаңа туылған сәбилер мен балаларға ота жасау үшін олардың денсаулығына қауіп төндіре отырып, республикамыздың өзге өңірлеріне тасымалдаудың қажеттілігі жойылды. Биылғы жылдың өткен 5 айының өзінде аталған орталықтың қабырғасында 383 сәтті ота жасалып үлгерді. Оның 156-сы - шұғыл ота және 18-і - жаңа туылған нәрестелерге жасалды.

Өзгелердің жаңалығы