Алматы облысында вирусқа қарсы препараттар тегін таратылады

16 Шілде 2020, 09:16
1942
Бөлісу:
Алматы облысында вирусқа қарсы препараттар тегін таратылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес дәрі-дәрмек сатып алуға жергілікті бюджеттен қосымша 500 млн теңге бөлінді. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Сонымен қатар 50 млн теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алу жоспарланып отыр. Бұл препараттар қауіп-қатер тобындағы азаматтарға тегін берілетін болады. Бұл туралы дәрі-дәрмектің болуын қадағалайтын мониторинг тобының Талдықорғанда орналасқан бірқатар медикаментінің көтерме қоймасын аралауы барысында айтылды. Топ құрамына облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің, қоғамық ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері енгізілді.

Жұмыс тобы алдымен "Медсервис плюс" ҚФК ЖШС қоймасына барды. Серіктестіктің Талдықорған филиалының директоры Қадырбек Күдериннің айтуынша, бұл жеке медициналық компания өңірдің 130 дәріханасына дәрі-дәрмек жеткізіп отыр. 

Бүгінгі күні коронавирустың таралуына байланысты халық арасында вирусқа қарсы препараттар, антикогулянттар (қанды сұйылтатын дәрілік заттар), антибиотиктер үлкен сұранысқа ие болуда. Бізге аптасына бір рет тауар келіп түседі, дәріханалардан келіп түскен тапсырысға сәйкес бұл тауарларды компания көліктерімен сатылым нүктелеріне жеткізіп береміз, - деді Қ. Күдерин.
Жұмыс тобының атбасын тіреген келесі нысаны - гуманитарлық көмек қоймасы. Мұнда Қытайдан, Катардан және басқа да елдерден жеткізілген жеке қорғаныс құралдары: бетперделер, медициналық респираторлар, қолғаптар, қорғаныс костюмдері жеткілікті. Бұл жеке қорғаныс құралдары өңірдің медициналық ұйымдары арасында бөлінетін болады. Ал "СК Фармация" компаниясында мониторинг тобының мүшелері облысқа қажетті дәрі-дәрмектердің тиеліп әкелініп жатқанына куә болды. Мониторинг жұмысы жайлы облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов айтып берді:
"СК Фармация" - емханалар мен ауруханалар үшін дәрі-дәрмек жеткізетін бірыңғай ұйым. Дәрілік заттар түсіріліп болған соң аудандар мен қалалардың емханалары мен ауруханаларына кешіктірмей бөлініп берілетін болады. Облыс әкімі Амандық Баталовтың тапсырмасына сәйкес жергілікті бюджеттен дәрі-дәрмек сатып алуға қосымша 500 млн теңге бөлінді. Сонымен қатар 50 млн теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алу жоспарланып отыр. Бұл препараттар қауіп-қатер тобындағы азаматтарға, атап айтқанда, егде жастағылар, созылмалы аурулары барлар және басқа да санаттағы азаматтарға тегін берілетін болады, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы