Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 26 қарашада кешкі сағат 20.00 шамасында Алматы облысы ТЖД кезекші пультіне Талдықорған қаласының Еркін ауылындағы жеке тұрғын үйлердің бірінде шағын газ баллоны (сыйымдылығы 5 литр) жарылды деген хабарлама келіп түсті. Бұл туралы ҚР ТЖМ ресми өкілі Талғат Уәли хабарлады.
Жарылыс салдарынан өрт шыққан жоқ. Алайда тұрғын үйдің қабырғалары мен шатыры қирады. Жарылыс салдарынан 8 адам, оның ішінде 3 бала зардап шекті. Олардың барлығы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Алдын ала болжам бойынша, тұрмыстық газ баллонын жылыту үшін пештің жанына қою жарылысқа себеп болған.
Оқиға орнында Алматы облысы ТЖД 28 қызметкері, 8 техникасы, 8 жедел жәрдем бригадасы, полиция, газ қызметі және жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері жұмыс істеді. Сондай-ақ зардап шегушілердің туыстарына психологиялық көмек көрсету үшін Алматы облысы ТЖД-ның екі психолог маманы жұмылдырылды, - делінген ҚР ТЖМ баспасөз қызметі ақпаратында.
ҚР ТЖМ азаматтардан газ баллондарын пайдалану және қолдану кезінде сақтық шараларын қатаң сақтауды сұрайды.
Еске салсақ, Талдықорғандағы жеке тұрғын үйлердің бірінде жарылыс болғанын хабарлаған болатынбыз.