Алматы облысында автобиатлоннан республикалық турнир өтті

1 Қараша 2021, 19:13
734
Бөлісу:
Алматы облысында автобиатлоннан республикалық турнир өтті

Алматы, BAQ.KZ. Алматы облысында автобиатлоннан республикалық турнир өтті. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған шараға еліміздің түкпір-түкпірінен спортшылар келіп, өзара бақ сынасты. 

Мамандардың айтуынша, бүгінде дәл осы қауіпті спорт түрімен әуестенетіндердің саны әлдеқайда артқан. Бұл туралы Almaty.tv хабарлады.

Қазір автобиатлоншылар жарыс жолына шығуға дайын. Олар жол жиегіндегі кедергілерді еңсеріп, уақытты үнемдей білу керек. Және автобиатлон деп аты айтып тұрғандай нысананың үшеуіне дөп тигізу тиіс.

Жылдамдыққа жаны құмар жандар Алатау баурайында бас қосты. Тараз, Талдықорған және басқа өңірлерден барлығы 15 құрама келіп, көлік жүргізу шеберлігін жұртшылыққа паш етті. Елімізде енді дамып келе жатқан автоспорттың жоғары дәрежеде өткені соншалық, көрермен қарасы көп болды.

Автобиатлон жарысын Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығына арнаймыз. Қазіргі уақытта елімізде дәл осы спорт түрімен айналысатын 15 ардагер ғана қалды. Негізгі мақсатымыз -– ардагерлер бар кезде осы спорт түрін ұмытпай, ізін жалғаушыларға қолдау көрсету, - дейді ұйымдастырушы Александр Белянов.

Одан бөлек, турнир ұйымдастырушылары осы спорттың дамуына үлес қосқан ардагер спортшыларды да шақырып, арнайы грамоталармен марапаттады.

Бұл спорт қазақтар арасында жақсы дамып келе жатыр. Қарапайым көрерменге керемет эмоция сыйлап, жарыстың көркін қыздыра алады. Турнир мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта жалғасын табады деп ойлаймын, – деді КСРО спорт шебері Василия Тарабанько.

Айта кетейік, қауіпті спорттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін медицина мамандары да арнайы шақыртылды. Ұйымдастырушылар алдағы уақытта Қазақстан кубогін және 4 этаптан тұратын ел біріншілігін өткізуді жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы