Қазақстан әлемдегі көмір өндірісінің 4% иеленеді

21 Мамыр 2020, 22:39
2327
Бөлісу:
Қазақстан әлемдегі көмір өндірісінің 4% иеленеді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда көмір өнеркәсібінің барлық негізгі сегменті бар, алайда энергетикалық көмірді өндіру мен пайдалану ерекше дамыған.

Көмір өнеркәсібі экономиканың ірі салаларының бірі және электр энергиясының шамамен 70% өндірісін, кокс-химия өндірісінің толық жүктемесін қамтамасыз етеді. Коммуналдық-тұрмыстық сектор мен халықтың отынға деген қажеттілігін толық қанағаттандырады.

Қазақстандағы көмір қоры 34 млрд тоннаны немесе әлемдік қордың 4% шамасында. Еліміз көмір қоры бойынша әлемдегі көшбасшы он елдің қатарында. Көмір өнеркәсібін дамыту мақсатында 2019 жылы "Қазақстан Республикасының көмір саласын дамыту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасы" әзірленіп, бекітілді.

Жол картасында саланы дамытудың жүйелі шаралары, сондай-ақ жаңа жобаларды іске асыру қарастырылған. Мысалы, "Шұбаркөл Көмір" АҚ-да арнайы кокс өндіру бойынша зауыт салу, "Богатырь", "Богатырь Көмір" ЖШС көмірді ұсақтау, тасымалдау, орташалау және тиеудің циклдық-ағымдық технологиясына көшу сынды бастамалар қарастырылған.

Халықаралық сарапшылар энергетикалық нарықты дамыту бағытындағы жұмыстарында жаһандық энергия теңгеріміндегі көмір үлесінің төмендеуіне қарамастан, әлемдік нарықта отынның осы түріне деген сұраныс әлі ұзақ уақыт тұрақты болады деп болжайды. Бұл бағытта жол картасы шеңберінде Қазақстанның энергия өндіруші кәсіпорындарының 2030 жылға дейінгі көмірді тұтыну болжамы және Қазақстанның коммуналдық-тұрмыстық секторының 2025 жылға дейінгі көмірді тұтыну болжамы жүргізіледі.

Сондай-ақ, жол картасы аясында халықтың көмір сатып алуы бойынша сандық платформа енгізу қарастырылған. Жобаның орындаушысы - "Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы". Былтыр қауымдастық өкілдері сандық платформа арқылы көмір сату мүмкіндігін талқылаған кеңес өткізді. Жиын барысында коммуналдық-тұрмыстық көмір жеткізетін көмір өндіруші компаниялар сандық платформаны пайдалануға мүдделі екендерін білдірді. Биыл қауымдастық көмірді сандық платформаға шығару бойынша сынақ жұмыстарын іске асыруға ниетті.

Бұдан бөлек, бүгінде көмір өнеркәсібінде жоғары қосылған құны бар өнімдер алу үшін көмірді терең кешенді қайта өңдеуді кезең-кезеңімен ынталандыру саясатын жүргізу жоспарланып отыр. Әлемдік қауымдастық көмір химиясын дамыту, көмірді кешенді терең өңдеу, оның ішінде газдандыру арқылы өңдеу қажеттілігі туралы айтады. Заманауи технологиялар көмірден өңделген 5 мыңнан астам өнім түрін өндіруге мүмкіндік береді. Олардың қатарында ферроқорытпалар, металл кремний, құрылыс материалдары, техникалық көміртегі, көміртегі сорбенттері және т.б. бар.

2019 жылы "Тау-кен өндіруші және тау-кен металлургия кәсіпорындарының республикалық қауымдастығы" ҚР ИИДМ-мен бірлесіп ҚР СІМ-ге көмір өңдеу өнімдерін Үкімет қаулысымен бекітілген инвестициялық жобаларды іске асыру үшін қызметтің басым түрлерінің тізбесіне енгізу туралы ұсыныс білдірді. Көмірден жаңа өнім шығарумен айналысатын кәсіпорындар үшін бірқатар салықтық преференциялар (корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан босату) көзделеді. Бүгінгі таңда қауымдастық өкілдері көмір өндіруші компаниялармен бірлесіп, жобаның экономикалық тиімділігін егжей-тегжейлі бағалай отырып, инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша есеп жүргізіп жатыр. Кейін құжат ҚР СІМ-не жолданады.

Сондай-ақ жол картасы шеңберінде "Шұбаркөл Премиум" АҚ-да көмір үлгілерін сұйық көмірсутекті отын қоспасына қайта өңдеу бойынша ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар жүргізу, "Нұра" станциясы - "Әскери бөлім" разъезіндегі теміржол үйіндісі топырақтарын зерттеу және үйіндіні одан әрі пайдалану бойынша ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ "Богатырь Көмір" ЖШС-да электр қуатын техникалық есепке алудың автоматтандырылған жүйесін енгізу және басқа да инновациялық жобалар көзделген.
Өзгелердің жаңалығы