Бас жаңалықтар
Қалдықтарды энергияға айналдыратын жоба жүзеге асырылады
05 Маусым 2020, 13:32 117

Қалдықтарды энергияға айналдыратын жоба жүзеге асырылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда қатты тұрмыстық қалдықтарды энергияға айналдыратын WASTE-TO-ENERGY жобасын іске асыру қарастырылуда, деп хабарлады Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының баспасөз қызметі.


Жоба елімізде алғаш рет жүзеге асырылмақ. Ол Қазақстандағы полигондардың ҚТҚ-ның морфологиялық құрамын, физикалық-химиялық қасиеттерін және энергетикалық көрсеткіштерін зерттейді. Жобаны іске асыру үшін қазақстандық ұйымдармен жұмыс істеуге waste-to-energy саласында табысты жұмыс тәжірибесі бар халықаралық компаниялар тартылады.

Қазақстанда тұрмыстық қалдықтардың жиналу мәселесі өзекті болып тұр. Елімізде ҚТҚ-ның пайда болу көлемі жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта 3,5 мың полигонда 120 млн тоннадан астам қалдық жинақталған және жыл сайын 4,5 млн тоннадан астам қалдық пайда болады. 

Сонымен қатар, 16 мың гектар жерді алып жатқан 3520 ҚТҚ полигонының небәрі 623-і экологиялық және санитарлық талаптарға сай келеді. 27 полигон белгіленген қуаттылық нормативінен тыс жұмыс істейді. 
Тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу еліміз үшін өзекті. Ол алдыңғы қатарлы әлемдік тәжірибе негізінде жоспарлы шешімдерді талап етеді. Тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу Қазақстанда 15%-дан аспайды, ал әлемдегі озық тәжірибе 70%-ға жетті, - деді  халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы (IGTIPC) басқармасының төрағасы Рамазан Жанпейісов.
Тұрмыстық қалдықтарды термиялық кәдеге жарату парниктік газдардың шығарындыларын төмендетуге мүмкіндік береді, бұл климат бойынша Париж келісімі аясында Қазақстанның міндеттемелерін орындауда маңызды. Қазіргі уақытта елімізде жыл сайынғы полигондардан шығарылатын шығарындылар 5,4 млн тонна СО₂ құрайды.
Егер тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату мәселесімен қазірден бастап айналыспасақ, бірнеше жылда Қазақстан экологиясы әлсірейді, - дейді Рамазан Жанпейісов.

WASTE-TO-ENERGY жобасын іске асыру инвесторлардың назарын тұрмыстық қалдықтарды термиялық кәдеге жаратуға тартуға, сондай-ақ оларды аукционға қатысу үшін қажетті барлық қажетті техникалық және заңнамалық ақпаратпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Инвесторлар үшін бәсекелестік жағдай жасалады, ол тарифке жағымды әсер етеді.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...