Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының жастар-ресурстық орталығы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева бастаған республикалық «Киелі табиғат» экологиялық жобасы аясында «Естелік саябағы» атты акциясын өткізді.
Акцияға экология департаменті, «Кокше-цемент», КДА және өзге кәсіпорындар мен волонтерлар, мемлекеттік қызметкерлер қатысты.
Акция Ақмола облысының барлық аудан, қаласында өз жалғасын табады.
«Естелік саябағы» Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлеріміздің, елім, жерім деп қызмет бабында қаза тапқан азаматтарымызға арналған естелік болып қалады, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ аталған акция аясында жастар және волонтерлік ұйымдардың қатысуымен 100-ге жуық көшет отырғызылды. Акция Көкшетау-Щучинск автожолы бойындағы «Құлагер» ескерткішінің маңында ұйымдастырылды.
Шараның негізгі мақсаты - жастарды олардың тұратын жерлеріндегі экологиялық жағдайды жақсарту бойынша практикалық қызметке тарту.
Сондай-ақ жастарды табиғатты сақтау және ұқыпты қарау мәдениеті мен дағдыларына баулу.