Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрлігі әлемдік тарихтағы Алтын Орданың рөліне арналған «Ұлық Ұлыс - Алтын орда: бастауы, тарихы және мұрасы» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясын өткізді.
Жиын барысында ҚР Президенті Әкімшілігі басшысының бірінші орынбасары Дәурен Абаев құттықтау сөз сөйледі.
Біз бүгін маңызды жиында бас қосып отырмыз. Бұл конференцияның Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен тұспа-тұс келуінің зор символдық мәні бар деп ойлаймын. Себебі бүгін тамыры терең тарихымызға – ұлтымыз бен мемлекеттігіміз пайда болған кезеңге тағы бір мәрте көз жібереміз. 2015 жылы Елбасының тапсырмасымен елімізде Қазақ хандығының 550 жылдығы кең көлемде аталып өтті. Бұл идеологиялық астары терең, мемлекеттік деңгейдегі шара болды, – деді ол өз сөзінде.
Ол 1465 жыл – сөзсіз, бәріміз үшін қастерлі дата екенін атап өтті.
Десек те, этногенез процесі мен мемлекеттің қалыптасуы – бір күннің, тіпті бір ғасырдың да шаруасы емес екенін жақсы білеміз. Керей мен Жәнібек хандар бастаған қазақ халқының Жетісуға қоныс аударуы оның қалыптасу кезеңінен өтіп, ұлтқа айналғанын айшықтайды. Ғалымдардың зерттеуінше, бұл процесс Ұлық Ұлыстың дәуірлеп тұрған уақытынан басталды. Мұны фольклорымыздан да көреміз. Жыр-дастандарымыздың қаһармандары – Едіге, Әз-Жәнібек, Майқы би, Тоқтамыс, Асан қайғы сияқты Алтын Орда кезіндегі қайраткерлер, – деді Дәурен Әскербекұлы.
Ең ескі күйдің бірі «Ақсақ құлан» да Жошы ханның өліміне байланысты шыққаны баршамызға белгілі.
Сондықтан Ұлық Ұлыс – біздің мемлекеттілік дәстүріміздің алтын бесігі деп толық сеніммен айта аламыз. Осы айнымас ақиқаттың негізінде 2019-2020 жылдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Ұлық Ұлыстың 750 жылдығын мерекелеуге арналды. Біз бүкіл әлемге Алтын Орданың мұрагері екенімізді танытып, төл тарихымызға қатысты әділдікті орнатуға жол аштық. Алайда, осы тұста Мемлекет басшысының «Тарихпен саясаткерлер емес, тарихшылар айналысуы керек» деген маңызды ұстанымын естен шығармаған жөн, – деді Дәурен Абаев.
Ол өз ұлылығыңа мастану, тарихты мифпен араластыру, өткенімізді әсіре мақтанға айналдыру – өрге бастамайтынын айтты.
Керісінше, біз тарихты конъюнктурадан тыс зерттеп, ақтаңдақтар ақиқатын ашып, шешуші оқиғалар желісін мұқият қайта қалпына келтіруге тиіспіз. Президенттің тапсырмасына сәйкес жақында Білім және ғылым министрлігінің жанынан құрылатын Жошы Ұлысын зерттейтін ғылыми институт та негізінен осы мақсатты көздейді. Институт атауының өзі айтып тұрғандай, біз Талас құрылтайынан бастап Кенесарының қазасына дейінгі тарихи дәуірді біртұтас кезең деп қабылдаймыз, – деді ол.