Абаев: Электронды Үкімет жүйесі қарқынды дамып келеді

31 Қаңтар 2019, 16:58
3082
Бөлісу:
Абаев: Электронды Үкімет жүйесі қарқынды дамып келеді

Алматы, BAQ.KZ. Алматыда өтіп жатқан Түркі Кеңесінің Ақпараттық-коммуникациялық технологияларына жауапты министрлердің үшінші отырысы  барысында ҚР Ақпарат жəне коммуникациялар министрі Дəурен Абаев Қазақстанның цифрландыру саласындағы жетістіктерімен бөлісті.

ҚазАқпарат ХАА-ның жазуына қарағанда, жиынға ҚР Ақпарат және байланыс министрі Дәурен Абаев, Түркия Республикасы Көлік және инфрақұрылым министрі Мехмет Жахит Турхан, Қырғыз Республикасының Ақпараттық технологиялар және байланыс комитетінің төрағасы Бақыт Шарщембиев, Әзірбайжан Республикасы көлік, коммуникация және жоғары технологиялар министрінің орынбасары Эльмир Велизаде, Венгрияның Ақпараттық коммуникациялар, инновациялар және технологиялар Мемлекеттік хатшысының орынбасары Карол Балаш Солимар қатысты. 

«Заман талабынан қалыс қалмай, ақпараттық технология саласында əріптестікті күшейтуге баса назар аударамыз. Себебі, біз барлық мүмкіндігімізді тиімді деңгейде пайдаланып отырған жоқпыз. Біздің ел былтырдан бастап «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын қолға алды. Бағдарлама жоғарғы технологияларды енгізе отырып əлеуметтік-экономикалық саланы қолдауға бағытталған. Жобаны жүзеге асыру үшін мүмкіндік баршылық. Тəуелсіздік жылдары елде заман талабына сай ақпараттық коммуникациялық технологиялар ландшафты қалыптасты. Соңғы 10 жылда интернет желісін пайдаланушылардың саны 8 пайыздан 76 пайызға артты. Электронды Үкімет жүйесі қарқынды дамып келеді. Осы жүйе бойынша 30 млн мемлекеттік қызмет көрсетілген. Ірі жəне шағын қалалар 4G байланысымен қамтылған. Ауылды жерлерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылып жатыр»,- деді  Д.Абаев. 

Министрдің айтуынша, 2018 жылы ЭКСПО халықаралық көрмесі өткізілген базаның инфрақұрылымында «Astana HUB» деп аталатын ІТ стартаптардың халықаралық технопаркі құрылды. Ертең Еуразиялық экономикалық одаққа мүше-мемлекеттер технопарктері өзара бірігу жөніндегі декларацияға қол қояды. Осы орайда министр  Түркітілдес Мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесі елдеріндегі əріптестерін осы келешегі зор технологиялық альянстың мүшесі болуға шақырды.  

«Сондай-ақ, біздің әзірбайжандық әріптестеріміздің бастамасы бойынша «Трансеуразиялық суперақпараттық магистраль» құру жөніндегі жобаға тоқтала кеткім келеді. Оның мақсаты - Франкфурт пен Гонког арасындағы  еуразиялық елдердің аумағын қамтитын талшықты-оптикалық трансұлттық желі орнату. Транзиттік желі 6 мемлекеттің аумағымен өтеді деген жоспар бар. Бұл - болашағы зор жоба. Бүгінгі іс-шара, біздің елдер арасындағы ақпараттық-коммуникациялық бағыттағы тығыз қарым-қатынасты одан әрі нығайтуға тың серпін береді деген сенімдемін»,- деді министр. 

Маңызды отырысқа дейін мүше мемлекеттердің жоғары лауазымды тұлғаларының қатысуымен ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша Түркі кеңесі Жұмыс тобының төртінші отырысы өтті. Мүше мемлекеттер киберқауіпсіздік, электронды үкімет, спутниктік қызметтер және TASIM жобасы, талшықты инфрақұрылым, сондай-ақ ақпараттық коммуникациялық технологиялармен байланысты басқа да басым мәселелер бойынша ынтымақтастықты кеңейту жолдарын талқылады. 

Министрлер түркі тілдес елдердегі ақпараттық технологиялық байланыстар мəселесін талқылау үшін бас қосқан еді.

Өзгелердің жаңалығы