АӘК жыры: қанша отбасы мемлекетті алдап келген?

30 Қыркүйек 2019, 18:11
3676
Бөлісу:
АӘК жыры: қанша отбасы мемлекетті алдап келген?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі елімізде атаулы әлеуметтік көмекке заңсыз қол созғандарды әшкереледі.

Мәселен, Павлодар облысында өздерінің нақты табыстарын жасыру арқылы атаулы әлеуметтік көмек тағайындауға заңсыз қол жеткізген 444 отбасына төлемдер тоқтатылды.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Әлеуметтік көмек және әлеуметтік әріптестік бөлімінің басшысы Майгүл Рахымжанова Павлодар облысы тұрғындарының әлеуметтік қызмет қызметкерлерін алдау фактілері туралы хабарлады.

Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп таралған бұзушылық нақты табыстарды жасыру болып саналады.

«Мысалы, Май ауданы Қаратерек ауылында тұратын 6 адамнан тұратын отбасы 2019 жылдың сәуір айында АӘК тағайындауға өтініш берген. Отбасына 105 мың 843 теңге көлемінде АӘК тағайындалды. Қосымша тексеру кезінде біздің басқарманың күшімен отбасының нақты табысын жасырғаны анықталды. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төлеуден бас тартылды», - деді Майгүл Рахымжанова.

Ал БҚО-да 1094 отбасы АӘК алу үшін табысын жасыруға тырысты.

Батыс Қазақстан облысында 2516 отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуының заңдылығы тексерілді, оның ішінде 586 отбасына төлем уақытша тоқтатылған болса, тағы 508 отбасына төлем мүлдем төленбейтін болды.

Облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Қайырғали Надырғалиев БҚО тұрғындарының әлеуметтік қызмет қызметкерлерін алдауының өрескел фактілері туралы хабарлады. Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде ең көп таралған бұзушылық нақты табыстарды жасыру болып табылады

«Осылайша, Оралда алты баланың анасы өткен жылдың желтоқсан айынан бастап АӘК ала бастады. Әлеуметтік көмек алудың заңдылығын тексеру барысында біз отбасының нақты табысының жасырылғанын анықтадық. 2018 жылы жеке кәсіпкер ретінде тіркелген отағасының 6 миллион 904 мың 550 теңге көлеміндегі табысын жасырған. Ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығындағы салық есептері бойынша отбасының табысы 3 миллион 877 мың теңгені құрады. Қайта есептеу нәтижесінде отбасына АӘК төлеуден бас тартылды», - деді Қайырғали Надырғалиев.

Осыған ұқсас жағдай Жаңақала ауданында да орын алды. Өткен жылдың сәуір айында Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында өтініш берушінің қайын атасы 5 миллион 200 мың теңге көлемінде кредит алып, ол қаражатқа 17 ірі қара мал сатып алған.

«Өтініш берушінің бірге тұрып жатқан қайын атасы жеңілдетілген кредитке сатып алған ірі қара малды көрсетпестен отбасының нақты табысын жасырғанын ескере отырып, оған 1 млн 530 мың 612 теңге көлемінде АӘК төлеу тоқтатылды. Сәуір мен мамыр айларында 255 мың 100 теңге көлемінде төленген қаражат бюджетке қайтарылды», - деді Надырғалиев.

2019 жылғы 16 қыркүйектегі жағдай бойынша БҚО-ның 59 мың 566 тұрғыны немесе 11 мың 778 отбасы 3,7 млрд теңге көлемінде АӘК алды.

Келесі кезекте Ақтөбе облысының тұрғындары мемлекеттен 3,5 млн теңгені заңсыз алып келгені анықталып отыр.

Өздерінің нақты табыстарын жасыру арқылы Ақтөбе облысының бірнеше тұрғыны атаулы әлеуметтік көмекті заңсыз алып келген, осылайша мемлекетке шамамен 3,5 млн теңгеден астам шығын келтірді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының табысы аз отбасыларға мониторинг жүргізу және әлеуметтік көмек көрсету бөлімінің басшысы Ақсұлу Жұбаназарова Ақтөбе облысы тұрғындарының әлеуметтік сала қызметкерлерін алдаудың өрескел фактілері туралы айтып берді.

Оның айтуынша, АӘК тағайындау кезінде табысты жасыру және уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеу арқылы әлеуметтік көмекті қайта алу ең көп таралған бұзушылық болып табылады.

«Ағымдағы жылғы сәуір айының басында өңір тұрғыны Алға аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне АӘК алуға құжаттарын тапсырды. Оған ай сайын 131 мың 235 теңге төлем есебінен жалпы сомасы 1 млн 574 мың 820 теңге әлеуметтік көмек тағайындалды. Сәуірдің 23 күні осы азаматаша Ақтөбе қаласына уақытша тіркеуге тұрып, АӘК алуға қайтадан құжат тапсырған», - деді Ақсұлу Жұбаназарова.

Еңбек министрлігінің артық төленген төлемдерді анықтау жөніндегі нұсқауын орындау үшін Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Алға тұрғынына жалпы сомасы 1 млн 600 мың 548 теңге АӘК қайта тағайындалғанын анықтады. Бұл азаматша үш ай ішінде алдау арқылы 400 мың 137 теңге алып үлгерген, аталған ақша қазіргі уақытта бюджетке қайтарылды, ал екінші шешім бойынша тағайындалған төлем толығымен тоқтатылды.

Осыған ұқсас факт Байғанин ауданында да орын алған. 2019 жылдың сәуір айында көпбалалы үйдің отағасы табысын ең төменгі жалақы мөлшерінде көрсетіп, әлеуметтік көмек алуға құжаттар тапсырған.

Мемлекеттік кірістер департаменті мен Ақтөбе облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бірлескен жұмысының нәтижесінде, аталған азамат жеке кәсіпкерліктен тапқан 13 млн 944 мың 480 теңге сомасындағы табысын жасырғаны анықталды. Отбасы кірісінің артуына байланысты АӘК қайта есептеліп, үш айда төленген 315 мың 360 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмек бюджетке толығымен қайтарылды.

Жұбаназарованың мәліметінше, тұрмысын заңсыз жолмен түзетуді қалаған өңір тұрғындары мемлекетке 3,5 млн теңге шығын келтірген.

Естеріңізге сала кетейік, АӘК тағайындау мен төлеудің дұрыстығын бақылау нәтижесінде 72 мыңнан астам атаулы әлеуметтік көмек алушылар табысы туралы жалған ақпарат бергені анықталды.

Осыған байланысты Министрлік әкімдіктермен бірлесе отырып, әрбір анықталған факті бойынша, бұзушылықтарға жол бермеу және «Мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек туралы» ҚР Заңын бұзуда заңсыз тағайындалған төлемдерді қайта қарау бойынша жекелеген жұмыс жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

2019 жылғы 15 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмекпен 1,8 млн қазақстандық қамтылған. Жәрдемақы алушылардың ең көбі Түркістан облысында – 498,7 мың адам, Алматы облысында – 225,4 мың адам, ал Шымкент қаласында – 216,3 мың адам тұрады. Осы жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша 103 млрд теңге көлемінде АӘК төленді. Бір отбасына төлемнің орташа мөлшері айына 86 мың теңгені құрап отыр.

Өзгелердің жаңалығы