Бас жаңалықтар
5G қашан келеді?
25 Тамыз 2019, 15:09 571

5G қашан келеді?

Бесінші толқындағы интернет тақырыбы айналасында сеңжүріс басталды. Түсінбей жатқандар бар. Дөрекі айтсақ, бұл 200 шақырым/сағ жылдамдық әбден жеткілікті нарыққа кенет 2 000 шақырым /сағ жылдамдықтағы автомобиль ұсынумен бірдей болып тұр (жылжымалы жабдық үшін 4G мен 5G жылдамдықтың арақатынасы шамамен 10 есе). Бұл не? Корпорациялардың абоненттерді сауатын кезекті айласы ма?

Басты мәселе

Басты мәселе — 5G интернет байланыс бүкіл әлем бойынша әзірге пилоттық кезеңнен жаңа өтіп жатыр. Радиотолқын тарату девайстары дайын болғанымен (айталық, жабдықтар сата бастауға дайын екенін Huawei әлдеқашан мәлімдеген), тұтынушылардың қолында оны пайдалануға қабілетті жабдықтар жоқ. Электроника алпауыттарының ондай гаджеттерді жаппай өндіруге дайын екендігі жөнінде нақты мәлімет жоқ.

Сіз білесіз бе: Еуропада Монако толығымен 5G желіге көшіп болды (дереккөз: Huawei)

Екінші мәселе — 5G байланыстың тұттынушыға интернет-байланыстың жаңа қабілетін аша білуі. Бұрынғыдан әлдеқайда жылдам делік, бірақ ол жәйт - қолда бар гаджетті ауыстыруға жеткілікті себеп пе? Асқақ мақсаттардан емес, тұрмыс шындығынан шыққан кезде, 5G байланысқа көшуге салмақты себеп керек. Ал 5G бұқаралық сипатқа ие болмаса өзін ақтамауы мүмкін. Реалтайм видео, «қолданушы-қолданушы» қосылысы, мезетте жүзеге асатын транзакция болуының мүмкіндігі экспаттарға болмаса, орташа чекті қалыптастыратын бұқара үшін қажеті күмәнді. Бір мысал: былайғы қолданушы youtube-видеоны ең жақсы сапада қарау туралы ойлана бермейді (мысалы, сіз соңғы рет қашан осы опцияны қарап көрдіңіз?).

Қазақстанда 25,4 млн ұялы байланыс абоненті бар (2019-cәуір). Бұлардың белсенді түрде табыс әкелетін проценті туралы мәлімет жоқ, бірақ операторлар өзара келісім негізінде жаппай 5G ұсынса, әрі электроника алпауыттары бұқаралық сипаттағы гаджеттерді толтырып тастаса, көшу өзі өзінен іске асатыны анық. Барлығы 4G байланыстың хикаясындай болатыны айқын. Тағы да керісінше: ұсыныс сұраныс тудырайын деп тұр.

Кім бірінші?

Байланыс саласындағы соңғы әрекеттерді аңдасақ, Қазақстандағы 5G флагманы «Қазақтелеком» болмақ.

Жалпы, «Қазақтелекомның» бизнес әдісі америкалық AT&T байланыс алпауытына ұқсас. Радиобайланыс пен телефония саласындағы маманға AT&T атауы — байланыс саласындағы инновацияларды және сапаcы үздіксіз жалғасқан байланысты білдіреді. Ал экономист қауымға — монополияның да уақыт талабына еріп отыруға әбден қабілетті екенін көрсетеді. 1970 жылдары АҚШ үкіметі AT&T компаниясын бөлгенімен, оған тиесілі бір жарым миллиард шақырымнан астам (!) кабельді еркін нарыққа қоя берудің де қауіпті екенін түсінген болатын. Сол кезден бастап AT&T компаниясы жаңа технологиялардың «мұзжарғышы» іспетті: ол енгізеді, ал еншілес немесе басқа компаниялар (мысалы, Verizon) — жаңа шешімдерді жалға алып, абоненттерге ұсынады.

«Қазақтелеком» да осындай практиканы қолданады деуге негіз бар. Ол үшін еліміз 4G байланыспен қамтыла бастаған 2014 жылды еске түсірсек (сол кездегі Инвестиция және даму Министрлігі 4G байланыспен қамтамасыз етуге барлық операторды міндеттеген болатын). 2014 жылы «Қазақтелеком» 50 мың не одан көп тұрғыны бар 200 қаланы 4G байланыспен қамтып, елдің 62% жапты. Жаңа желіде қызмет көрсету экономикалық тиімділік нүктесіне шыққаннан кейін (потенциал абоненттер саны — 10,6 млн адам), бұл арналарды еншілес «Алтел» компаниясына берді. Ақ түсті 4G-модемдер бәріңіздің есіңізде болар.

Қазақстан сияқты үлкен территорияны қолда бар коммуникацияларды пайдаланып қамту ғана тиімді. Бұл жалғыз телекоммуникация емес, теміржол, энергетика, тіпті банк (пошта жүйесі мен КСРО Жинақ банкі негізіндегі қаржы институттары сияқты) сияқты салалардың барлығына тән. «Қазақтелекомды» да осындай конгломерат типті бизнес жүргізуге қаржылық қисын тұрғысынан мәжбүр десек болғандай. Байланысты бәсеке өршіп тұрған нарық дегенімізбен, консерватив келетін тапсырыс беруші бәрібір де институционалды компанияға тапсырыс беруді құп көреді. Мысалы, «Нұр Отанның» соңғы болған өте-мөте маңызды (сайлауалды бағыт-бағдар айқындалатын) саяси кеңесін байланыспен қамту тап осы «Қазақтелекомға» сеніп тапсырылды.Кейде осындай детальдар жұртшылық назарынан тыс қалып жатады.

Енді, 5G бойынша да «Қазақтелеком» трендсеттерге айналып отыр. Жаңалықтар арнасын таза визуал шолып шыққанның өзінде 5G проблематикасы бойынша «Қазақтелекомның» үстемдігі білінеді. Мысалы, 19 маусым күні Алматыда 5G желінің тесті өтті (дереккөз: profit.kz). Онда «Қазақтелеком» мен «Ericcson» өте жоғары жиілікке (EHF, 30...300 GHz) жақын 28 GHz диапазонда 5G байланыс таратып, жылдамдықтың жоғарғы шегі 15 Gibit/s дейін жетті. Бұл — ғаламат көрсеткіш, салыстыру үшін: қолданыстағы 4G - жылжымалы жабдық (смартфон, wi-fi модем, т.с.с.) үшін 100 Mbit/s, стационар жабдық үшін - 1 Gibit/s қана. Әрине, практика жүзінде жылдамдық аз болатыны сөзсіз, бірақ ол технологиялық емес, экономикалық факторларға байланысты.

5G желінің 4G сценарийі бойынша тарайтынын «Қазақтелеком» АҚ инновациялар бойынша бас директоры Нұрлан Мейірмановтың сөзі де растайды. Ол келтірген дерек бойынша, 1 ұялы оператор үшін дербес 5G-желі құру 350-450 млрд теңгедей шығады екен. Егер әр оператор өз бетімен қойса — бұл сома триллионға жетеді. Оның қайтымына жылдар өтеді, әрі бар инфраструктураны пайдаланбай, жаңадан орнату - барды қайталау ғана болады деген Нұрлан Мейірманов profit.kz басылымына берген сұхбатында. Ендеше, ұялы операторлар үшін өз инфраструктурасын құрғаннан гөрі, дайын желіге қосыла салғаны тиімді екені сөзсіз. Қазақстан нарығында қысқамерзімді инвестициялар басым екенін ескерсек, осы сценарий шындыққа айналады.

Егер 5G желісінің орнауын 4G желісімен аналогияға толық көшсек, ол келесідей ретпен дамуы мүмкін:

  • Алдымен — көшпелі 5G-модемдер мен 5G Wi-Fi-роутерлердің заманы болады. Бұл жерде де басы ашылмаған мәселелер көп. Айталық, дәстүрлі USB/Fireware шиналардың қабілеті 5G үшін жеткілікті ме — өлшеп көрген ешкім жоқ. Дәстүрлі i686/Mac компьютерлерді жаңарту керек болып жүрмесін деңіз. Ешкім жаңа байланыс түрі үшін компьютерін ауыстыра қоймайтындықтан, қолданыстағы орташа компьютерлер жаңарып бітуі үшін бірнеше жыл керек. Ендеше 5G мезетте ақпарат алмасу қабілетімен қоса, қандай да бір қызмет түрлерін (мысалы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев атап өткендей — Smart City шеңберіндегі қызметтер) ұсынуы тиіс болады. Ал 4G енгізгенде қолда бар компьютерлердің қабілеті мәселе болмап еді. Ендеше, кең тараған computer hardware үшін стандарттар қалыптасқанша сенімді түрде 2 жыл уақыт кетеді деуге болады. Қазірге дейін 5G қолдайтын небәрі 64 жабдық қана белгілі.

  • Гаджет өндірушілерде проблема болмайтын сияқты. Олар қазір-ақ флагмандық модельдерінде 5G ұсынып отыр. Смартфонның бұқаралық сипатқа енуі компьютерлерден жылдам екені түсінікті. Кезінде 3G/4G жұбымен жүргеніміз сияқты, ендігәрі ескіріп қалатын смартфондар үшін 4G/5G байланыс жұбы болады.

Қорыта келгенде, «Қазақтелекомның» жетістіктері мен бастамаларын ескере отырып, Қазақстанда 5G байланыс бұқаралық сипатқа (нарықтың 60% астам) 2022 жылы ие болады деп топшылаймыз.


Фото: ашық дереккөз
5G
Загрузка...

Сізден жаңалық