5 айда жазатайым оқиғадан 564 адам зардап шекті – Еңбекмин

15 Маусым 2021, 10:47
2550
Бөлісу:
5 айда жазатайым оқиғадан 564 адам зардап шекті – Еңбекмин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов биыл жазатайым оқиғаның салдарынан 564 адамның зардап шеккенін айтты.

Қазақстанда жыл сайын 400-ден астам кәсіптік ауру тіркеледі. Қабылданған кешенді шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірістік жарақат алғандардың саны 10%-ға азайып отыр. Оның ішінде қаза тапқандар саны 16%-ға төмендеді, - деді ол.

Оның айтуынша, 1000 адамға шаққандағы жазатайым оқиғалардың жиілік коэффициенті 0,32-ден 0,23-ке дейін түсті.

Биылғы жылдың 5 айының қорытындысы бойынша жазатайым оқиғаның салдарынан 564 адам зардап шекті. Олардың 19,5%-ы тау-кен металлургия кәсіпорындарында, 10%-ы құрылыс саласында және 4,5%-ы коммуналдық шаруашылығында жарақат алған, - деп атап өтті министр.

Ресми статистикаға сәйкес 2020 жылы кәсіпорындарда зерттелген 1,6 млн жұмыскердің 367 мыңы немесе 22%-ы зиянды еңбек орында жұмыс істеген. Олардың басым көпшілігі өнеркәсіптік өңірлерде, яғни Қарағанды, Павлодар, ШҚО, Маңғыстау облыстарында.

Министр атап өткендей, елде әрбір екінші адам шу мен дірілдің, ал әрбір үшіншісі жұмыс аймағындағы газдың ластануы мен шаңдануы жоғары жағдайында еңбек етеді.

Экономика салалары бойынша зиянды еңбек жағдайында жұмыспен қамтылғандардың ең көп саны тау-кен және өңдеу өнеркәсіптеріне тиесілі.

2020 жылдың нәтижесі бойынша кәсіптік еңбек қабілетінен айырылған 14 700 азаматқа 15 млрд теңге көлемінде әлеуметтік қолдау көрсетілді. Олардың ішінде 10 мыңға жуығына бюджет есебінен мемлекеттік жәрдемақы мен сақтандыру қорынан төлемдер жүргізілді. Сонымен қатар 6 мыңға жуық азаматқа мемлекеттік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем берілді, - деп айтты Шәпкенов.

Өзгелердің жаңалығы