Бас жаңалықтар
42 500 теңгелік жәрдемақыны төлеу кешіктірілуі мүмкін
09 Сәуiр 2020, 15:49 510

42 500 теңгелік жәрдемақыны төлеу кешіктірілуі мүмкін

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Төтенше жағдай кезінде азаматтардың кіріссіз қалуына байланысты Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жіберілетін 42 500 теңге мөлшеріндегі төлемге өтінімдерді қарау уақыты олардың көбісінің бірнеше қайталануына байланысты кешіктірілуі мүмкін.

Қордың баспасөз қызметі таратқан хабарламаға сәйкес, бастапқыда бұл өтінімдерді қарап, деректерді тексеру мерзімі 7 жұмыс күні деп белгіленген еді. Осы орайда, төлемдерді тезірек жүргізу үшін, өтінімдерді қарау барысы 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды.

Дегенмен, ескертерлігі, біраз азаматтар аталған қызметке бірнеше рет жүгінгенді жөн көретіні байқалды. Мәселен 8 сәуір түнгі 11-дегі жағдай бойынша 3,1 млн хабарламаның 1,3-і қайталанатын болып шықты.

Барлық өтінім саналуан деректер қорында мұқият сүзгіден өтеді. Оның ішінде адамның аты-жөні, ЖСН мен банк шотының нөмірі, жұмысына қатысты мағлұматтар айрықша екшеледі.

Мәліметтерді тексере келе, 42 500 теңгелік төлемге жұмыс істейтін, талапқа сай келмейтін азаматтардың да иек артып, дұрыс емес банк шоттары немесе бөгде біреудің, жарамсыз банк шоттары жолданатыны анықталды. Сонымен қатар, марқұм болып кеткен немесе шетелде тұратын тұлғалардың атынан да өтінім берілетіні белгілі болып отыр. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне ешқашан қатыспаған, оған қаражат аудармаған азаматтар да өтінім жіберуді құп көрген. Ұқсас деректердің 405 мыңнан астамы айқындалды, - делінген хабарламада.

Оларды тауып, қайталанатындарын алып тастау үшін 3,1 млн өтініштің әрқайсын жан-жақты қаралау қажет екені түсінікті.

Осылайша өтінімді қарау аралығы созылып кетуі ықтимал. Сондықтан, азаматтардан, 3 жұмыс күнінен соң төлемді тағайындау туралы хабарлама алмасаңыздар да алаңдамауларыңызды сұраймыз. Әр өтініш бойынша ақпарат тексерілгеннен кейін міндетті түрде өтінім жолдаушыға қабылданған шешім жайы жеткізіледі.

Төлем жасау туралы шешім қабылданғаннан кейін өтініш берушіге SMS-хабарлама келеді. Кейіннен өтініш берушінің деректерін Мемлекетік әлеуметтік сақтандыру қоры "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясына жібереді, ол оны екінші деңгейдегі банктерге төлем жүргізу үшін бағыттайды.

Бұған дейін де хабарлағанымыздай, әлеуметтік төлем алуға өтінімді eGov порталы, 42500.enbek.kz веб-сайты және https://t.me/Help42500Bot мекенжайы бойынша Telegram-бот арқылы беруге болады.

Азаматтардан тағы да өтінімді бір рет жолдауды сұраймыз.

Естеріңізге сала кетейік, қолданыстағы ережеге сәйкес, ТЖ кезеңінде қызметтің шектелуіне байланысты табысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан бір адамға айына 42 500 теңге мөлшерінде берілетін әлеуметтік төлем келесі санаттарға беріледі:

– шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– карантин енгізілген елдімекендерде қызметін жүзеге асыратын ірі кәсіпкерлік субъектілерінің жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, коммерциялық емес заңды тұлғалардың жалақысы сақталмайтын демалыстағы қызметкерлеріне;

– жеке кәсіпкерлерге;

– дара тәжірибемен айналысатын адамдарға (нотариус, жеке сот орындаушысы, адвокат, кәсіби медиатор);

– бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер болып табылатын жеке тұлғаларға;

– нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтер көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын, салық агенттері олар үшін міндетті зейнетақы жарналарын аударған адамдарға.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...