27 наурыз – Халықаралық театр күні

27 Наурыз 2021, 08:41
2645
Бөлісу:
27 наурыз – Халықаралық театр күні

Нұр-Сұлтан,BAQ.KZ. 1961 жылы Халықаралық Театр институты Вена қаласында өткен IX конгресінде 27 наурызды «Халықаралық театр күні» деп бекітті. Жыл сайын көктем мезгілінің алғашқы айында бұл мерекені Халықаралық Театр институты мен дүниежүзіндегі театр қауымдастықтары атап өтеді.

Тәуелсіздік алғалы осы уақытқа дейін елімізде жаңа 20 театр ашылса, Орал, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Өскемен, Шымкент, Талдықорған қаласында 8 театрға жаңа ғимарат салынды. Жыл сайын театр сахналарында әр түрлі жанр мен бағытта 12 мыңға жуық спектакль қойылады.

Статистикалық мәлімет бойынша қазір Қазақстанда 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі мемлекеттік (бұл қатарда 4 ұлттық (этникалық) театр: ұйғыр, корей, неміс және өзбек театры бар).

Мемлекеттік 52 өнер ошағының 3-еуі опера және балет театры, 5-еуі балалар мен жасөспірімдер театры, 7-еуі қуыршақ театры, 24-і драма театр (оның ішінде 3-еуінде қазақ және орыс труппасы бар), 11-і музыка-драма және комедия театры, біреуі жастар және біреуі сатира театры.

Қазақ театр өнерін дамыту, дәстүрлі негізде дарынды артистер мен режиссерлерді анықтау және ынталандыру мақсатында 1992 жылдан бастап жыл сайын Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар жыл сайын шетелдік шеберлердің қатысуымен театр өнері қайраткерлерінің республикалық практикумы өтеді. Бұл іс-шараның мақсаты – театр саласында жаңа әдістемелерді зерделеу, театр өнеріндегі мәселелерді талқылау, тәжірибе және пікір алмасу.

Бұдан бөлек театр өнеріндегі сабақтастықты жандандыруға жол ашатын екі жылда бір рет ұйымдастырылатын халықаралық фестивальдер бар. Оның алғашқысы 2006 жылдан бастау алатын Орталық Азия елдерінің театр фестивалі болса, екіншісі 2007 жылдан бастау алатын «Ортеке» қуыршақ театрлар фестивалі. Қуыршақ фестивалі осыған дейін Ресей, Татарстан, Башқұртстан, Қырғыз Республикасы, Түркия, Тәжікстан, Беларусь, Әзірбайжан, Қазақстан ұжымдарының басын қосты.

Үшіншісі 2011 жылдан бастап Қазақстан халқы Ассамблеясының қамқорлығымен екі жылда бір өтетін Қазақстанның ұлттық (этникалық) театрларының республикалық фестивалі. Фестиваль кезінде қазақ, орыс, корей, ұйғыр, өзбек және неміс тіліндегі театрлар өз ана тілінде қойылым ұсынады.

Аталған фестивальдер ұлтаралық диалог пен мәдени байланыстарды дамытуға, алыс-жақын шет мемлекеттер арасында ынтымақтастықты нығайтуға, бірыңғай мәдени кеңістік құруға және көрермендердің назарын заманауи театр өнерінің үздік жетістіктеріне аударуға бағытталған.

Өзгелердің жаңалығы