Бас жаңалықтар
ШҚО-да аз қамтылған отбасылардың 250 жобасы несиеленеді
14 Наурыз 2019, 08:35 1063

ШҚО-да аз қамтылған отбасылардың 250 жобасы несиеленеді

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Шығыс Қазақстан облысында аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілетін шағын несие көлемі ұлғайып, шарттары жеңілдейді. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кеңейтілген аппарат кеңесінде ШҚО Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Асқар Жақұпбаев хабарлады.

«Елбасының төртінші бастамасын іске асыру аясында бізге 3,2 миллиард несиелік қаржы бөлінді. Аталмыш қаражат келесідей ретте бөлінбек: 640 жобаны іске асыру үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына 1,9 млрд теңге, ал 305 жобаны іске асыратын Агронесиелік корпорацияға 1,3 млрд теңге берілетін болады. Осылайша біз 945 жобаны несиелендіруді ойластырудамыз. Олардың 250-і аз қамтылған отбасыларға берілмек, - деді Асқар Жақұпбаев.

Жауапты тұлғаның айтуынша, бүгінгі таңда қаржылық институттармен бірлескен «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы аудан, қала әкімдіктерімен жұмысты бастап кеткен. Әр өңірдің әлеуеті жіті зерделегенін алға тартқан ол қазіргі уақытта қажетті құрылымдардың құрылғанын тілге тиек етті.

«Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға берілетін несие уақытын 10 жылға дейін созу жөніндегі ұсыныс Ауыл шаруашылығы министрлігіне жолданды. Сондай-ақ шағын несиелендірудің кепілдік ережелеріне өзгерістер енгізуді ойластырудамыз. Осыған дейін мұндай несиелер кепілдендірілмей келген болатын. Бұдан бөлек несиелерді жергілікті бюджет есебінен екі пайызға дейін субсидиялауды қарастырып жатырмыз», - деді Асқар Шәкенұлы.

Несиеге алынатын кепілзат шарттары да өзгеріске ұшырамақ. Басқарма басшысының айтуынша, алдағы уақытта негізгі кепіл несиенің 70 % құраса, қалған 30 % алынатын мал мен құрылғылар қойылуы мүмкін көрінеді. Сонымен қатар, негізгі қарызға берілетін жеңілдік мерзімі екі жылға дейін ұзартылады.

«Қазіргі уақытта біз түрлі бағдарламалар бойынша үш миллиард теңгеден астам несие бердік. Барлық жобалар бақылауға алынып, жүргізілу барысы қадағаланып отыр», - деп қосты Асқар Жақұпбаев.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...