20-дан астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты

21 Желтоқсан 2020, 15:48
1863
Бөлісу:
20-дан астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ұлыбританияға кіруге қатысты шектеулерді негізінен Еуропа елдері енгізді.

Коронавирустың жаңа мутациясына байланысты 20-дан астам ел Ұлыбританиямен әуе қатынасын тоқтатты. Бұл туралы Sky News 21 желтоқсанда хабарлады. 

Ұлыбританияға кіруге қатысты шектеулерді негізінен Еуропа елдері енгізді. Атап айтқанда, Австрия, Бельгия, Болгария, Германия, Дания, Ирландия, Италия, Нидерланд, Финляндия, Франция және Чехия билігі Ұлыбританиямен әуе қатынасын уақытша тоқтата тұру туралы шешім қабылдады.

Сонымен бірге, Португалия Ұлыбританиядан тек өз азаматтарына ғана шығуға рұқсат берді, ал Швеция Ұлыбританияға кіруге тыйым салған елдердің тізімін ресми түрде толықтырмақ. Сондай-ақ, Испания, егер тиісті шаралар ЕО деңгейінде қабылданбаса, әуе қатынасын тоқтата тұруды жоспарлап отыр. 

Өз кезегінде әлемнің басқа бөліктерінде де осындай шаралар қабылданды. Канада Ұлыбританиямен әуе қатынасын 72 сағатқа тоқтатты. Израиль Ұлыбританиядан шыққан өз азаматтарынан басқа барлық азаматтарға ел шекарасына өтуге тыйым салды. Түркия Ұлыбританиямен, Даниямен, Нидерландымен және Оңтүстік Африка Республикасымен әуе қатынасын тоқтатты, бұл елде де коронавирустың жаңа мутациясы анықталған еді. Колумбия, Сальвадор, Чили, Аргентина және Марокко билігі де Ұлыбританиямен әуе қатынасын тежеді. Сауд Арабиясы өз шекараларын толығымен жауып, бір аптаға әуе қатынасын шектеді.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Еуропа елдерін Ұлыбританияда Сovid-тың жаңа штаммының пайда болуына байланысты коронавируспен күресу шараларын күшейтуге шақырған болатын.



Өзгелердің жаңалығы