Бас жаңалықтар
Қазақстандық 15 дәрігер Түркияға тәжірибе алмасуға бармақ
18 Ақпан 2019, 20:58 689

Қазақстандық 15 дәрігер Түркияға тәжірибе алмасуға бармақ

Aстана, BAQ.KZ. Қазақстандық 15 дәрігер Түркияға ауруханалары мен емханаларына бір аптаға тәжірибе алмасуға бармақ. 


Бұл жайлы Алматыда өткен "HEALTH EXPO-2019" медициналық бағыттағы халықаралық көрменің жабылу салтанатында белгілі болды. Сапардың барлық шығынын форум ұйымдастырушысы - «ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» өтейді. 

Екі ел арасындағы іскерлік қарым-қатынасты дамыту, медицина қызметкерлерінің Түркиядағы жетекші емханалары мен ауруханаларында тәжірибе жинақтап, алған білім-білігін Қазақстанда қолдану - шараның мақсаты. 



«HEALTH EXPO сияқты кез келген көрме, шараларда адамдар бір бірімен танысады, пікір алмасады, кәсіби алаңда достық қатынас орнатады. Біздің қолымыздағы мүмкіндіктерден басқа елдердегі бауырларымыз хабардар болады. Бүгінгі көрмеге Түркияның түкпір-түкпірінен арнайы келген біздің өте сыйлы әрі білікті мамандарымыз Қазақстандағы әріптестерімен тәжірибе алмасады, білген ақпараттарымен бөліседі, дертіне дауа іздегендерге бірге емдеудің жолын табады әрі Түркияның медицина саласындағы мүмкіндіктермен бөліседі деген сенімдемін. Бәріңізге сәттілік тілеймін»,  – деді Түркияның Қазақстандағы Бас консулы Рыза Қаған Йылмаз.



  «ExpoTurka Fuarcılık Ticaret Limited» басшысы Халил Чыбыклы Қазақстандағы дәрігерлерге берілетін мүмкіндіктер туралы айтты.

«Денсаулық туризмі – дамыған және дамушы елдер үшін аса маңызды сала. Үздіксіз салынып жатқан инвестициялар мен бәсекелестіктің арқасында аталған сала уақыт сайын күшейіп келеді. Түркияда денсаулық туризмі Орталық Азиядағы мемлекеттермен салыстырғанда, барынша дамыған. Кәсіби білікті дәрігерлермен қатар техникалық мамандар жоғары деңгейде, заманауи технология мен медициналық құрылғылар біздегі ауруханалар мен емханаларда кеңінен қамтылған. Қазақстан мен Түркия арасындағы медицина саласында түзілген ұзақ жылдан бергі достық байланысымызды «HEALTH EXPO-2019» халықаралық көрмесі арқылы дамытуды мақсат еттік. Бұйыртса, бұл шара Алматыда жыл сайын өткізіледі»,  – деді ол.



Үш күнге созған көрмеде отандық медицина қызметкерлері жалпы хирургия, педиатрия, ортопедия және травматология, нейрохирургия, гастроэнтерология, косметикалық және жалпы стоматология, органдарды трансплантациялау, офтальмология, жүктілік және бала туу, пластикалық және эстетикалық хирургия т.б. бағытта Түркияның жетекші емханалары мен ауруханаларының өкілдерінен кәсіби тұрғыда тегін кеңес алып, ортақ іскерлік қарым-қатынас орнатады.



Биыл алғаш рет өткізілген «HEALTH EXPO-2019» көрмесіне Түркияның жетекші медициналық мекемелері: Bayındır Sağlık Grubu, Diyalog İşitme Cihazları, Koç Üniversitesi Hastanesi, Medipol Üniversitesi Sağlık ve Eğitim Grubu, NeoLife Onkoloji Merkezi, Okan Üniversitesi Hastanesi, Orhun Medikal ve Özel Pendik Bölge Hastanesi өкілдері қатысты.

Қазақстанда еңбек ететін 15 дәрігер Түркиядағы танымал ауруханалар мен емханаларға бір аптаға тәжірибе алмасуға барады. Бұл – отандық дәрігерлер мен жалпы медицина саласына қосылатын үлкен үлес.











Загрузка...

Сізден жаңалық