Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін 14 наурыз - Көрісу күні. Адамдар бұл күні арасындағы бұрынғы өкпе-ренішін кешіріп, араздықты ұмытып, бір-біріне амандық-саулық тілейді. Көктемге аман есен жеттік деп, дастархан жайып, үлкендерге сәлем беріп, құттықтап жатады. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды.
Бұл күні кейінгі буын өкілдері жасы үлкен адамдарға арнайы барып сәлем береді. Кең даланы ен жайлаған бабаларымыз үшін қыстан аман шығудың маңызы зор болған. Ал, көктем келіп, жер ана жаңарған шақта бір-бірімен сағынысып жүздеседі. Ең бастысы, көрісу кезінде адамдар арадағы өкпе-ренішті ұмытып, ағайын-туыстың амандығын тілейді.
Ғалымның айтуынша, бұл - қазақ халқының өскелең ұрпақты ізеттілік пен мейірімділікке, ауызбіршілік пен кішіпейілділікке, татулық пен бауырмалдыққа бастайтын ерекше үрдістерінің бірі.
«Көрісу айты» Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе облысының кей аудандарында, Қарақалпақстан, Түркіменстан қазақтарында, Ресей Федерациясының Саратов, Самара, Орынбор, Астрахан аймақтарында сақталған.