Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху Германияның Газа секторындағы гуманитарлық дағдарысқа байланысты Израильге қару-жарақ экспортын ішінара тоқтату шешімін қатты сынап, оны ХАМАС исламшыл тобының терроризмін ынталандыру деп атады, деп хабарлайды BAQ.KZ DW басылымына сілтеме жасап.
Нетаньяху федералды канцлер Фридрих Мерцпен телефон арқылы сөйлескенде өзінің көңілі қалғанын жеткізген.
Холокосттан бері еврей халқына жасалған ең ауыр шабуылдардың бірі – ХАМАС-қа қарсы Израильдің әділ күресін қолдаудың орнына, Германия қару-жарақ эмбаргосын енгізіп, терроризмді марапаттайды, - деді ол.
Сонымен қатар, Нетаньяху Израиль Газа секторын басып алуға ұмтылмайтынын, негізгі мақсат – ХАМАС билігінен аймақты азат ету және онда бейбіт азаматтық басқаруды қалыптастыру екенін мәлімдеді.
Израильдің қауіпсіздік кабинеті Газа секторын бақылауға алу туралы шешім қабылдады. Бұл – екі жылға жуық уақыттағы соғыста ең ірі операция болмақ. Соғысты аяқтаудың бес негізгі қағидасы ретінде ХАМАС-ты толық қарусыздандыру, кепілге алынғандарды қайтару, Газа секторын демилитаризациялау, Израиль жағалауын қауіпсіздендіру және азаматтық әкімшілікті құру белгіленді.
Берлин Израильге қару-жарақ экспортына лицензия беруді ішінара тоқтатып, Газадағы гуманитарлық жағдайға алаңдаушылық білдірді. Бұл Германияның дәстүрлі Израиль жағындағы ұстанымынан ауытқу деп бағаланады.