Несіпбек Айтұлы: Президент мақаласы әр қазақты ойлануға шақырады

9 Қаңтар 2020, 12:59
6085
Бөлісу:
Несіпбек Айтұлы: Президент мақаласы әр қазақты ойлануға шақырады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бүгінгі "Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы – ұлттық санамызға төңкеріс жасаған және бізді айқын да жарқын жолдарға бастайтын үлкен шығарма деп білемін.

Белгілі ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Несіпбек Айтұлы осылай дейді.

Бұл жәй ғана мақала емес, бұл біздің ұлттық программамыздың алтын діңгегі деуге болады. Абай кеше де, бүгін де, ертең де, қазақ халқының рухани әлемінің, қазақ тұрмысының, ел болашағының алтын қазығы және жарық жұлдызы. Біз Абай сілтеген бағыттан, Абай көрсеткен ұлы жолдан, Абай көрсеткен адамгершілік, ұлттық нысанадан ауытқумауымыз керек. Біз қайда барсақ та, қандай қиын кезеңдерде де, санамызды тұман, көңілімізді кір шалса да, Абай содан бізді тазартатын, бізді құтқаратын құдыретті күш. Абай – рухани күш! - дейді ақын.

Оның айтуына қарағанда, біз соңғы жылдары жасыратыны жоқ, жүзге, руға бөлініп, әркім өзінің батырларын, әркім өзінің ақындарын жер-жерге бөлініп насихаттайтын бір дертке шалынып бара жатыр едік. Абайды ұмыта бастағандай сыңай танытып едік.

Президентіміз Абайды тану арқылы, Абайдың рухын бойына сіңіру арқылы елдің ел болатындығын, Абай әлемін түсінбей – өзіңді-өзің түсінбейтіндігімізді қолымызға қалам ұстатқандай қылып айқындап, Абайды таратып айтып берді осы мақаласында. Бұл мақала – Абайды мадақтау, насихаттау мақаласы емес, бұл Абай арқылы қалай ел боламыз, Абай нұсқаған жолмен жүре алмасақ, Абай айтқан ақылды бойымызға сіңірмесек, Абайдың ұлы ойшылдығынан жүрегімізге сәуле түсіре алмасақ, біз ел бола алмаймыз деген үлкен мәселені алдымызға қойып отыр - дейді Несіпбек Айтұлы.

Мемлекет сыйлығының лауреаты Абайдың өз заманында айтпаған сөзі жоқ екенін, ол Шыңғыстауды аялай, Тобықтыны сынай отырып бүкіл қазақты сынағанын жеткізді.

Қайтсек ел боламыз деген. "Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын?" деп қатты күйінген. Қазақтың мұндай жаман әдеттерден арылу үшін Абай күндіз-түні ұйықтамаған. Абай мына әлемдік үрдіске, дамыған елдердің көшінен қалмау үшін, "әлем қалай дамып бара жатыр, мына білімі, адамгершілігі, ойлы ел, таза ел алға дамып бара жатыр. Біз артта қалып бара жатырмыз" деген сөзді Абай күйініп айтып, күңіреніп кеткен адам. Сол Абай айтқан кейбір дүниелерден біздің қазақ сол жаман әдеттерден әлі арылған жоқ. Абай айтады, "кейбіреуді пысық деп болыс қойсаң, қашан түсіп қалғанша жеп бітеді" дейді. Сол Абай айтқан кесел, қырсық кесапат бүгінде басымызда тұр. Міне, жемқорлар, коррупционерлер, тәуелсіз еліміздің қалтасындағы байлығының біразын жеп бітпеді ме? Міне, Абай бүгін де керек бізге. Абай айтады "келелі кеңес жоғалды, ел сыбырды қолға алды" дейді. Президент өз мақаласында Абайдың осы сөзін келтіреді. Бұл да рас. Қазір мынау келелі кеңес жоғалып, елдің сыбыры, билікпенен халықтың арасындағы байланыс үзілмесе де, үзілуге таяу тұрған шақ келді. Міне, осыны көрегендікпен айтқан - дейді ол.

Ақын мемлекет басшысының даңғазалықты, популизмді сынға алғанына қуанғанын білдірді.

Бізде популизм, әншейін құр айқай көбейіп кетті. Президентіміз осыны дәл басып айтып отыр. Менің бір разы болғаным, Қасым-Жомарт Кемелұлының Абайды жастайынан оқып, бойына сіңіргендігі. Абайдың ұлы ойларын жүрегіне ұялатқандығына разы болдым. Кез келген басшы Абайды дәл осындай бойына сіңіріп, халыққа көсемдік сөз айта алмайды. Мен айтар едім – тізгінді ұстап отырған әр басшы Президенттен үйренуі керек - дейді Несіпбек Айтұлы.

Ол "Біз Абайды тек оқушыларға, жастарға жаттатқызып қойдық. Алайда, құр жаттау аз, оны судыратып жаттап алғанымен болмайды" - дейді.

Абайды жүрегіңмен түсіну керек. Және Абайдың айтқандырын саңана сіңіріп барып, содан кейін оны өзіңнің өміріңде қолдану керек. Ал, бізде керісінше ғой. Судыратып оқып шығады, бірақ өмірінде қолданбайды. Ал, бойына сіңірмек түгілі, Абайды оқи алмайтын адамдар қаншама. "Басқаның өнерін үйрен, тілін біл, барлығын біл кемел адам бол, толық адам бол" дей отырып, "өзіңнің де тіліңді ұмытпа" дейді Абай. Осыны Президентіміз өзінің мақаласында қадап тұрып айтты. Өйткені, өзіңнің тіліңді білмей, Абайды бойыңы сіңіре алмасаң, қазақ бола алмайсың! Ұлтыңның жанашыры бола алмағаннан кейін, адамзаттың да азаматы болып жарытпайсың. Міне, Мемлекет басшысы осы мәселелерді талдап айтқан. Біз ел боламыз десек, бұдан былай Абайдың айтқанымен жүруіміз керек. Абайдың ақылын алсақ, адаспаймыз - дейді ақын.

Ол Мемлекет басшысы атап көрсеткен торқалы тойдан тағылым алар ұсыныстардың өте орынды екенін алға тартты.

Президент "Абай әлемі" деген сарай салып, елордада орталығын ашу, "Абай" журналын жандандыру керек деп нақты мәселелерді айтты. Біз топырлаған той емес, Абайдың 175 жылдығын терең оймен өткізуіміз керек. Абайдың қағидаларын көңілге тоқығанда ғана ел басқаруға болады. Әйтпесе, көп нәрседен ұтылуымыз мүмкін. Бұл – өте кемел мақала. Сондықтан да бұл мақаланы әсіресе билік басында отырған азаматтар, ауыл әкімдері Абайды құрандай жаттау керек. Жаттап қана қоймай, оны көкірегіне қондырып, ойына сол сәулені түсіру керек. Президенттің бұл мақаласы әр қазақты ойлануға шақырады. Ойланатын кез келді. Абайдың әр сөзін талдап, жіктеп, бойға сіңіргенде ғана нағыз азамат боламыз деген мәселені алға қойып отыр. Бұған дейін талай мақалаларды оқып жүрмін, бұл мақалада Қасым-Жомарт Кемелұлының тереңдігі көрініп тұр. Ұлы тойдың алдында осындай ұлы мақаланы халыққа жеткізгені үшін Президенке ризашылығымызды білдіреміз - дейді ақын сөз соңында.
Өзгелердің жаңалығы