Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Осы күні «МузАрт» тобының орындап жүрген «Қазақтай ел қайда?» деген әйгілі әннің басында біз қойған аты «Киелім» еді. Халық өзі «Қазақтай ел қайда?» деп атап алыпты. Бұл туралы ақын Несіпбек Айтұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.
Әннің шығу тарихы былай болды. Ұмытпасам, 2002 жылы қатты ауырып Алматыда емханада жатқанымда қасында әнші Сәкен Қалымов бар, композитор Жарылқасын Дәулет інім іздеп келіп менімен танысты. Ол кезде Жарылқасынды менде біле қоймайды екенмін. Палатада отырып танысып, сұхбаттасқаннан кейін бұйымтайын айтты. «Аға бір әуенім бар еді. Соған елдің рухын көтеретін сөз керек. Соны бір жазса сіз жазады деп келдім». Тыңдап көрсем өте жақсы екен. Сол әуеннің әсерімен сөз жазбаққа бекініп емханадан шығып кеттім, - дейді қаламгер.Айтұлының айтуынша, Алматының түбінде Тұздыбастау ауылында әкесі тұрған.
Сонда барып әнге сөз жазуға кірістік. Жарылқасын домбыраны тартып отырады. Мен ыңылдап әнге қосылып сөз іздеймін. Сәкен қасымызда. Әнге бірнеше нұсқа сөз жазылды. Бірақ алғашқы сөздер көңілімізден шықпады. Содан шабыт шақыру үшін Сәкен екеуміз біраз дүрілдеттік те. Ақыры бір жұма дегенде әннің осы күнгі айтылып жүрген мәтіні шықты. Бірақ Жарылқасын ұната қоймады. Мені әрі қарай қинай түсті. Мен бұдан артық текст жаза алмайтынымды айттым. Содан арамыз тоңторыс боп, ол өз жөніне кетті, мен Астанаға қайттым. Ол ән жөнінде ұмытып та кетіппін. Содан қайтып Жарылқасын да хабарласпады. Сол көргеннен кейін ұмытпасам оны әлі көрген жоқпын, - деді ол.
Несіпбек Айтұлы осы арада 5 жыл өткенін айтады.
Бір күні Мырзатай ағам «Әй, Несіпбек, сенің сөзіңе жазылған «Киелім» деген бір жақсы әнді радиодан тыңдадым. «Қашан шығарып едің» демесі бар ма? Мен «өзім естіген жоқпын» деп аң-таң қалдым. Сөйтсем әнді Жарылқасын «МузАрт» тобына берген болуы керек. Тыңдап қатты разы болдым. Байқасам, саз бен сөз бірін-бірі тапқан сияқты. Жарылқасынның сөзді жаратпағаны бекер екеніне сонда барып көзім жетті. Жалпы, қандай да бір әннің бағын жандыратын әнші ғой. Жарылқасын екеуміздің жүрегімізден туған осы жалғыз ән қайда барсам алдымнан шығады. Өнер құдіреті деген осы, - деп жазды ол.